Accessibility links

Тараз маңындағы ауылда бала өлімінен соң «халық дүрлікті»


Жамбыл облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Жамбыл облысының аумақтық картасы (Көрнекі сурет).

Жамбыл облысының Байзақ ауданы Бурыл ауылында «халық көтерілді» деген мәліметтер тарай бастады. Аты-жөнін айтпауды өтінген ауыл тұрғыны Азаттық тілшісіне бүгін «ақпанның 15-і күні қазақ баланы пышақтап өлтіру» оқиғасы болғанын хабарлады. Тұрғынның сөзінше, «осы оқиғаға байланысты ауыл тұрғындары толқып, кешірім сұрауды талап еткен».

Азаттық тілшісі Бурыл ауылы әкімдігіне хабарласқан кезде есімін айтудан бас тартқан әкімдік маманы «Бурыл ауылының орталығында көшеде жиналыс өтіп жатыр. Кеше кішкентай бір бала қайтыс болған екен. Соған байланысты жиналыс жасап, түсіндіріп жатыр. Сол жердегі қазақтарға да, түріктерге де түсіндіріп жатыр. Қазір әкімдер барлығы сол жақта. Облыстан, ауданнан барлық әкімішлік өкілдері барған» деді.

Ауыл халқы толқығанын Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз хабарламасы да растайды. ІІД бүгін «ақпанның 15-і күні Байзақ ауданы Бурыл ауылындағы бір үйден кәмелетке толмаған Дюйсенбек А.С.-нің мәйіті табылды, мәйіттен күш қолданып өлтіру белгілері анықталды. Кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлады.

ІІД ақпараты бойынша, 16 ақпан күні К. деген күдікті тергеу абақтысына қамалған. Қылмыстың тұрмыстық сипаты бар, оқиға орнында мүлік тоналған. Мәлімдемеде «халық алаңдаушылығына байланысты жергілікті билік және құқық қорғау органдары жиын өткізіп, тұрғындарды тергеудің алдын ала нәтижелерімен таныстырды. Ауылды жердегі жағдай тұрақты. Тергеу барысы арнайы бақылауға алынды» деп жазылған.

Әкімдік өкілінің айтуынша, ауыл тұрғындарының 30 пайызын түрік ұлты өкілдері құрайды. Бурыл ауылы - Тараз қаласы маңында орналасқан елдімекен.

XS
SM
MD
LG