Accessibility links

Астанада "Таблиғи жамағат" мүшелері сотталды


Сот залындағы «Таблиғи жамағат» мүшелері. Астана, 17 ақпан 2016 жыл.

Сот залындағы «Таблиғи жамағат» мүшелері. Астана, 17 ақпан 2016 жыл.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық 2-сотында «Таблиғи жамағат» тобының мүшелері деп сотталып жатқан бес айыпталушыға үкім шықты.

Судья Ұмсын Мұқанғалиева айыпталушы бес адамның бірі – Халымбахи Халымды қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы ("алауыздық тудыру") және 405-бабының 1 тармағы ("экстремистік немесе терроризмге қатысты әрекеті үшін тыйым салынған ұйымға қатысы бар") бойынша айыпты деп тауып, екі жыл жыл алты айға соттады.

Қалған айыпталушылар Болатбек Қожагелдинов, Құбайдолла Төлібаев, Ерболат Омарбеков және Нұржан Нұрәділовтың әрқайсысы 405-баптың 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға сотталды. Судья сотталғандардың барлығына жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім кесті.

Бұған дейін прокурор Халымбахи Халымды бес жылға, қалған айыпталушыларды төрт жылға соттауды сұраған.

17 ақпанда өткен сотта Халым кәмелет жасына жетпеген үш баласы барын, «дін жолында адам баласына жамандық жасамағанын», «Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері көрсеткен кемшіліктерді түсінгенін» ескеріп, бас бостандығын айырмайтын жаза сұраған. Сонымен қатар ол өзіне қосымша тағылған «алауыздық тудыру» айыбына келіспейтінін де мәлімдеген.

Өзге төрт айыпталушы соттағы соңғы сөзінде «Таблиғи жамағат» ұйымына мүше болғанын растап сөйлеген. Олар «Бұл ұйымның жұмысы таза» деп, өздері «істі дұрыс жүргізе алмағандарын» айтқан.

XS
SM
MD
LG