Accessibility links

Сирияның қоршаудағы аймақтарына гуманитарлық жүк жетті


Дамаск маңындағы Муадхамия ауданында гуманитарлық көмекті тосып отырған бала. Сирия, 17 ақпан 2016 жыл.
Дамаск маңындағы Муадхамия ауданында гуманитарлық көмекті тосып отырған бала. Сирия, 17 ақпан 2016 жыл.

БҰҰ Сирияға жөнелткен гуманитарлық көмек жүктері қоршауда тұрған бес ауданға жеткенін хабарлады. Ұйым 100 мың адамға жететіндей азық-түлік, медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек тиеген жүк көліктері Дамаск маңындағы көтерілісшілер бақылауындағы Мадая, Муадхамия және Забадани аудандарына, үкімет күштерінің бақылауындағы Фуа және Кефрайя аудандарына жеткізілгенін айтады.

Қаңтар айында да Сирияның аштық жайлай бастаған кей қалаларына гуманитарлық жүк жеткізілген еді. БҰҰ мәліметінше, Сирияның қоршауда қалған аймақтарында жарты миллионға жуық адам тұрады.

Гуманитарлық жүкті кіргізуге рұқсат ету өткен аптада Мюнхенде халықаралық Сирияны қолдау тобының келісімі аясында жасалған еді. Ол келісім бойынша, Сирияда 19 ақпанға қарай қақтығыс тоқтауы тиіс.

Бірақ Сирияның солтүстігінде үкімет күштері мен күрд жасақтарының көтерілісшілер бақылауындағы территорияларға шабуылдауын жалғастыруы бітімнің орындалуына қауіп төндіріп тұр.

XS
SM
MD
LG