Accessibility links

Нарымбаевтың аштық ұстағанына бір ай болды


Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев. Алматы, 20 қаңтар 2016 жыл.

Адвокат Жанар Балғабаева бүгін Алматыда тергеу изоляторында жатқан азаматтық белсенді, өзі қорғайтын Ермек Нарымбаевпен жолықты. Нарымбаев 22 қаңтарда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған.

18 қаңтарда аштық жариялаған Нарымбаев қатты әлсіреген. Балғабаеваның Азаттыққа айтуынша, Нарымбаевты өзімен жолығу үшін жатқан төсегінен көтерілуіне өзге екі тұтқын көмектескен. Адвокат Нарымбаев денсаулығының нашарлағанына қарамастан аштықты жалғастыра бермек ниетте дейді.

Адвокаттың сөзінше, денсаулығының нашарлағанына байланысты Нарымбаевты күштеп тамақтандыру туралы әңгіме болған. Балғабаева өткен аптада изолятор бастығы өзіне егер тиісті медициналық көрсеткіштер болса, онда Нарымбаевты күштеп тамақтандыруы да мүмкін екенін айтқанын жеткізді. Бірақ адвокат Нарымбаев егер изолятор басшылығы өзін күштеп тамақтандырса онда аштықты белгісіз мерзімге дейін, үздіксіз ұстай беретінін ескертті дейді.

Журналист Гүлжан Ерғалиева өткен аптада абақтыда Нарымбаевпен жолықққан. Ерғалиеваның Азаттыққа айтуынша, белсенді оның аштықты тоқтатуға көндірмек болған әрекетіне аштықты апелляциялық шағымы қаралғанға дейін, я өзін бұлтартпау шарасын өзгерткенге дейін жалғастыратынын мәлімдеген. Ерғалиеваның сөзінше, Нарымбаев айыпты мойындамайтынын, қазақ ұлтына тіл тигізу ниетін жоққа шығаратынын, бірақ Серікжан Мәмбеталиннің Facebookтегі парақшасындағы жазбаны көшіріп басқанын мойындайтынын білдірген.

Жанар Балғабаева өткен аптада Алмалы аудандық сотына апелляциялық сотқа дейін бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш берген. Ол өтініш әзірге қаралмады. Өткен аптада Facebook-те Нарымбаевтың "өкіну" хаты пайда болған. Осыған байланысты Нарымбаевтың жақтастары оны қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шығуы мүмкін деп күткен.

Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин былтырғы қазанда авторы Мұрат Телібеков делінген даулы «Ветер с улицы» кітабының үзіндісін әлеуметтік желіде көшіріп басқаны үшін Алматыда қамауға алынған.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев сот процесі кезінде өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеп, істеріне өкінбейтіндерін айтқан. 22 қаңтар күні Алмалы аудандық соты Мәмтеалинге екі, Нарымбаевқа үш жыл түрме жазасын кескен. 29 қаңтарда Серікжан Мәмбеталиннің Facebook парақшасында оның көпшілікке арналған үндеуі шыққан. Белсенді «қателік жасағанын мойындайтынын», «бірақ қылмысты әдейі жасамағанын» айтып, ертеңінде апелляциялық шағымы қаралғанға дейін босатылған.

XS
SM
MD
LG