Accessibility links

Прокуратура сайлауалды науқанда заң бұзбауды ескертті


Қазақстан бас прокуратурасы, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан бас прокуратурасы, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан бас прокуратурасы парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттары сайлауына үгіт-насихат науқаны кезінде заң бұзуға жол бермеуге шақырып, ескерту жасады.

Прокуратура бүгін таратқан мәлімдемесінде барлық жеке және заңды тұлғаларды, бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі кезінде, оның ішінде сайлауалды науқаны кезінде үгіт-насихат шараларында сацлау туралы заңның талаптары мен орталық сайлау комиссиясы бекіткен тәртіпті бұзбауға шақырды.

Бас прокуратура сайлау туралы заң бойынша саяси партиялар мен мәслихат депутаттығына үміткерлердің сайлауалды бағдарламасында конституциялық құрылымды күшпен өзгерту, мемлекет тұтастығын бұзу, түрлі алауыздықты қоздыру, зорлық-зомбылықты насихаттау идеялары және заңнан тысәскери құрылым жасақтау бастамасы болмауы тиіс екенін ескертеді.

Заң бойынша, бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттар мен саяси партиялардың үгіт-насихат кампаниясынан шынайы түрде ақпарат таратып, олардың ар-ұжданы мен беделіне көпе-көрінеу нұқсан келтіретін ақпараттарды жариялаудан бас тартуға міндеттейді.

Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттығына ерте сайлау наурыздың 20-сына белгіленген. ОСК «Нұр Отан» (127 үміткер), «Ақ жол» (35), "Ауыл" (19), "Бірлік" (8) партиялары мен Қазақстан халықтық-коммунистік партиясының (22) және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (23) кандидаттарын тіркеген.

Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттығына сайлаудың үгіт-насихат науқаны 20 ақпан күні басталып, 18 наурыз күні сағат 24:00-де аяқталады.

XS
SM
MD
LG