Accessibility links

Әкім: Бурылда "бұзықтық" жасаған бес-алты адам болды


Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз маңындағы Бурыл ауылында бала өліміне қатысты наразылықта ешкім ұсталмағанын мәлімдеді. Бұл туралы әкім бүгін халыққа есеп беру жиынында Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында айтты. Әкімнің сөзінше, қазір Бурыл ауылында жағдай қалыпқа түскен.

Есеп беру жиынында Азаттық тілшісі әкімге 16-17 ақпан күндері Бурыл ауылында болған наразылықта ұсталғандар болды ма, болса қанша адам ұсталды деген сұрақ қойған. Кәрім Көкірекбаев ол күндері Бурылда көшеге "шамамен 40-50 адам" шыққанын, билік құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындар арасында қылмыстың тұрмыстық сипатта жасалғанын айтып түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін жеткізді. Әкімнің сөзінше, наразылықта ешкім ұсталмаған, прокуратура "бұзықтық жасаған бес-алты адамды шақырып, жұмыс жасап жатыр".

Бурыл ауылында 17 ақпанда кешке қарай жүздеген адам жиналып, осының алдында болған толқу кезінде қамалған азаматтарды босатуды талап еткен. Бурыл тұрғындарының толқуына осы ауылда кішкентай ұл баланың кісі қолынан қаза табуы түрткі болған. Күдіктінің этникалық түрік екені хабарланған. 17 ақпанда Бурылды арнайы әскер қоршауға алған еді. 18 ақпан күні қоршау алынған. Бурылдағы ахуал тыныштала бастағанымен, күзет әлі күшті.

16 ақпан күнгі «бала өлімі» оқиғасына орай «бұзақылық жасағаны» үшін он жас жігітті полиция ұстап әкетіп, кейін босатылғаны хабарланған. Ақпанның 15-інде Байзақ ауданы Бурыл ауылындағы бір үйден кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылған. Мәйіттен күш қолданып өлтіру белгілері анықталды. Кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ВИДЕО: Жамбыл әкімінің Азаттық сауалына жауабы.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG