Accessibility links

Журналист Андрей Пионтковский Ресейден кетті


Андрей Пионтковский.
Андрей Пионтковский.

Ресей прокуратурасы журналист, ғалым әрі саясаттанушы Андрей Пионтковскийдің мақаласынан экстремизм белгісін тапқан соң, билік өзінің үстінен қылмыстық іс қозғап, қудалауы мүмкін деп қауіптенген ол Ресейден кетуге мәжбүр болған. Бұл туралы Пионтковскийдің адвокаты Марк Фейгин айтты.

Бұған дейін, 19 ақпанда Ресей бас прокуратурасы Пионтковскийдің «Бомба, готовая взорваться» атты мақаласынан экстремизм белгісін тапқаны туралы хабарланған. «Эхо Москвы» сайтында 23 қаңтарда жарияланған мақаласында автор Ресей құрамындағы Шешенстанның болашағы жайлы ой-толғамын жазған.

«Өзінің жеңілгенін мойындаған Путин Шешенстанда бүкіл билікті Қадыров пен оның армиясына беріп қойды және оған бюджет қаржысы есебінен контрибуция төлеп отыр», - деп жазған Пионтковский. Ол «адамдардың жүрек-санасында Кавказ бен Ресей бір-бірінен тез алшақтап барады» деген.

Прокуратура өзіне қарсы іс қозғағанын Пионтковский Twitter әлеуметтік желісіндегі жазбасында растады.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, қылмыстық қудалау шарасы «БАҚ-ты пайдаланып, көпшіліктің көзінше экстермистік іс-әрекетті жүзеге асыруға шақыру» және «өшпенділік немесе жаулықты қоздыру» деген екі бапта көрсетілген қылмыс белгілері бойынша басталған.

Пионтковский мақаласының құрамында экстремизм белгілері бар-жоғын тексеру туралы бас прокуратураға өтінішті Шешенстан парламенті спикері Магомед Даудов пен Ресей Мемлекеттік думасы қауіпсіздік жөніндегі комитетінің жетекшісі Ирина Яровая берген.

Андрей Пионтковский – физика-математика ғылымдарының кандидаты, басқару теориясы жөнінде жазылған жүзден аса еңбектің авторы, Ресей оппозициясы үйлестіру кеңесінің бұрынғы мүшесі. Ол 2010 жылы оппозицияның «Путин кетуі керек» атты үндеуіне қол қойған және өз айтуынша, сол хатты жазғандардың бірі.

XS
SM
MD
LG