Accessibility links

Берлинале бас жүлдесін босқындар жайлы фильм алды


Джанфранко Розидің «Теңіздегі от» деректі фильмінен көрініс.
Джанфранко Розидің «Теңіздегі от» деректі фильмінен көрініс.

Берлинде 66-халықаралық кинофестивальдің (Берлинале) бас жүлдесі – «Алтын аю» сыйлығы итальяндық режиссер Джанфранко Розидің Африка мен Таяу Шығыстан Еуропаға пана іздеп ағылған босқындар тағдырына арналған «Теңіздегі от» деректі фильміне табыс етілді.

Фильмді ондаған мың босқын шоғырланған Лампедуза аралында түсірген режиссер соғыс отынан қашып келген адамдардың Еуропада саясаткерлердің салғырттығына тап болғанын көрсеткен. «Бұл қасірет үшін біздің барлығымыз жауаптымыз. Босқындар проблемасын елеусіз қалдыру және олардың ағынын тоқтату мүмкін емес. Мұның жалғыз ғана шешімі бар – осынау бейбақтар тастап қашқан елдердегі жағдайды қалыпқа келтіру», - деді Берлиндегі баспасөз мәслихатында Джанфранко Рози.

«Күміс аю» жүлдесі босниялық режиссер Данис Тановичтің «Сараеводағы қаза» фильміне берілді. Үздік режиссура үшін сыйлыққа француз Миа Хансен-Левенің «Келешек» фильмі лайықты деп танылды.

Биылғы Берлиналеде қазылар алқасына танымал актриса Мэорил Стрип жетекшілік етті.

Берлиндегі 66-халықаралық кинофестиваль бүгін, 21 ақпанда аяқталады.

XS
SM
MD
LG