Accessibility links

Козлова сотында куәгерлерден жауап алып жатыр


Оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлова (оң жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова. Алматы, 22 ақпан 2016 жыл.

Оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлова (оң жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова. Алматы, 22 ақпан 2016 жыл.

Алматыда оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлованың ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде бүгін куәгерлерді сұрау жалғасты. Козловаға есірткі сақтады деген айып тағылған.

Журналистің әпкесі Елена Козлова өзінің жақын туысына қарсы куәлік бермеу құқығын пайдаланып, сотта сөйлеуден бас тартты.

Юлия Козлованың "Голос Республики" басылымындағы бұрынғы әріптестері сотта журналиске оң баға беріп сөйледі. Сотқа келген тергеуші Руслан Әлкенов тергеушілердің "есірткі Козлованың пәтерін тінту кезінде табылды" деген ұйғарымын қолдап сөйледі. Ол бұған қоса Елена Козлованың зәріне жасалған сараптама онда есірткі мөлшері барын анықтағанын және Елена Козлованың үстінен "есірткі сақтау" бабы бойынша жеке тергеу жүріп жатқанын айтты.

Өткен аптада сотта Юлия Козлова өзінің атына айтылған айыптарды мойындамай, есірткінің пәтерінде тінтуге дейін болғанына күмән келтірген. Козлова оппозициялық сайтта жұмыс істегендіктен өзіне қарсы істің саяси астары бар деген. Ол бұған қоса ағзасында "есірткі барын" көрсеткен алғашқы сараптама нәтижесі қолдан жасалған деп санайтынын, себебі қайтара жасалған сараптама ағзада есірткі мөлшері барын жоққа шығарғанын айтқан.

Алматы полициясы 18 желтоқсан күні "Казкоммерцбанк" туралы "тапсырыспен жазылған" мақалаларды жариялау туралы іс бойынша Nakanune.kz сайтының редакциясына, сайт иесі Гузяль Байдалинова мен Юлия Козлованың пәтерлеріне тінту жүргізген. Тінту кезінде полицияның Козлованың үйінен "есірткі затына ұқсас" шөп тапқаны хабарланған. Тергеушілер тағайындаған сараптама қорытындысы бойынша табылған шөп "есірткі" деп жарияланған. Ал "Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымының тәуелсіз сараптамасы нәтижесі мұны жоққа шығарғанын айтады.

Юлия Козлова қазір Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда.

XS
SM
MD
LG