Accessibility links

"Әділ сөз": Журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев ұсталды


"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева мен журналист Ермұрат Бәпи. Алматы, 22 ақпан 2016 жыл.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева мен журналист Ермұрат Бәпи. Алматы, 22 ақпан 2016 жыл.

Қазақстан журналистер одағының төрағасы, "Ұлттық баспасөз клубы" қоғамдық қорының президенті Сейітқазы Матаев пен оның ұлы ҚазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаев ұсталды деп мәлімдеді бүгін Алматыда Ұлттық баспасөз клубында өтіп жатқан жиында "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Калееваның сөзінше, Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев бүгін таңертең "Ұлттық баспасөз клубы мен ҚазТАГ агенттігіне қатысты жағдай" туралы баспасөз конференциясы басталмай тұрып ұсталған. Олар осы жиында сөйлеуі тиіс болған.

Азаттық тілшісі жиынды Тамара Калеева мен журналист Ермұрат Бәпи жүргізіп жатқанын айтады. Олар әкелі-балалы Матаевтарды "антикоррупциялық бюро қызметкерлері ұстап қалғанын" және олардың одан кейінгі жағдайынан хабарсыз екенін хабарлады. Азаттық тілшісі Матаевтардың ұсталғанын анықтамақ болып хабарласқанда Әсет Матаев телефон тұтқасын алмады, Сейітқазы Матаевтың телефоны сөндірулі тұр.

Жиында сөйлегендер Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев "көп мөлшеде мемлекет қаржысын жымқырды" деген күдікке ілінгенін айтты. Сейітқазы Матаев бұған қоса Алматыдағы "Ұлттық баспасөз клубын заңсыз реконструкциялады" деген де күдікке ілінген.

"Істің мәні оларды қудалаудың шынайы мақсаты ашық диалог алаңы - Ұлттық баспасөз клубының қызметін шектеу, ҚазТАГ материалдарының мазмұнына жасырын түрде мемлекеттік бақылау жасау және Қазақстан журналистер одағының қоғамдық белсенділігін төмендету деген ұйғарым жасатып отыр" делінген жиында таратылған мәлімдемеде. Онда Матаевтардың өздеріне тағылған айыпты мойындамайтыны және кінәсіз екендерін дәлелдеуге дайын екендігі айтылады.

XS
SM
MD
LG