Accessibility links

Ресейдің Еуропаға қару-жарақ экспорты артты


Ресейлік С-300ВМ зымыраннан қорғаныс кешені (Көрнекі сурет).
Ресейлік С-300ВМ зымыраннан қорғаныс кешені (Көрнекі сурет).

Соңғы бес жылда Ресейдің Еуропаға сатқан қару-жарақ көлемі 264 пайызға артты. Бұл туралы Стокгольм бейбітшілік мәселесін зерттеу институты (SIPRI) даярлаған баяндамада айтылады. Ресей әлем елдері арасында қару-жарақ экспорты жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орнын сақтап қалған.

Еуропаға экспорт Әзербайжанмен жасалған келісім есебінен артқан. Сарапшылардың есебінше, 2011-2015 жылдардағы Ресей экспорты көлемінің бес пайызын Әзербайжанға сатқан қару-жарақ құраған. 2011-2015 жылдары Ресей 50 елге қару-жарақ сатқан. Ресей қаруының 30 пайызын Үндістан, 11 пайызын Қытай, 11 пайызын Вьетнам сатып алған.

Ақпанның ортасында ақпарат құралдарында Иранның Ресейден жеті миллиард долларға әскери техника мен қару-жарақ сатып алу ниеті бары хабарланған.

SIPRI мәліметінше, соңғы бес жылда әлемде қару-жарақ ең импорттайтын елдер Катар мен Сауд Арабиясы болған. Бес жылда Катардың импорт көлемі 279 пайызға, Сауд Арабиясының импорты 275 пайызға артқан.

SIPRI баяндамасында қару-жарақ келісімінің құнын емес, тек импорт пен экспорт көлемін ғана зерттейді.

XS
SM
MD
LG