Accessibility links

CPJ: Сейітқазы Матаевты негізсіз қудаламасын


Committee to Protect Journalists халықаралық ұйымы сайтынан скриншот (Көрнекі сурет).
Committee to Protect Journalists халықаралық ұйымы сайтынан скриншот (Көрнекі сурет).

Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists) ұйымы Қазақстан журналистер одағы төрағасы, Ұлттық баспасөз клубы басшысы Сейітқазы Матаевтың ұсталғанына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Сейітқазы Матаевты кеше Алматыда ұлттық коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросының Алматы қаласы бойынша департаменті "бюджет қаржысын жымқырды" және "салық төлеуден жалтарды" деген күдікпен ұстаған. Онымен бірге ұсталған ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі басшысы Әсет Матаев бірер сағаттан соң босатылған. ҚазТАГ агенттігі кеше таратқан Сейітқазы Матаевтың мәлімдемесінде қылмыстық қудалауға "Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубы мен ҚазТАГ орналасқан ғимаратты алу әрекеті себеп болғаны" айтылады.

Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламалары жөніндегі үйлестірушісі Нина Огнянова "Егер Қазақстан билігі Сейітқазы Матаевтың, я Әсет Матаевтың қылмыс жасағанына дәлелі болса, онда соттасын. Олай болмаса, Қазақстан билігі мен Алматы басшылығы ол екеуін қудалауды дереу тоқтатып, журналистерді қорқыту үшін негізсіз айып тағудан бас тартуы тиіс" дейді.

CPJ мәлімдеуінше, Әсет Матаев ұйымға айыптарды негізсіз деп санайтынын айтқан. Ол халықаралық ұйым өкілдеріне "Біз қашан да шындықты хабарладық. Қазақстандағы жағдай туралы ақпаратты сол күйінде тараттық. Биліктегі әлдебіреулер мұны ұнатпады" деген.

"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы мен халықаралық қазақ ПЕН-клубы бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Сейітқазы Матаевтың ісіне "жіті назар аударуға" шақырған. "Әділ сөз" ұйымы кеше Қазақстан бас прокуратасын Матаевтардың ісін тергеудің барынша әділ және шынайы жүргізуді қамтамасыз етуге шақырған.

XS
SM
MD
LG