Accessibility links

Шешенстанда тағы депортацияны ресми еске алмады


Шешенстан астанасы Грозныйдағы шешендер депортациясынан құрбан болған жандарға арналған мемориал.
Шешенстан астанасы Грозныйдағы шешендер депортациясынан құрбан болған жандарға арналған мемориал.

Шешенстанда сталиндік репрессия құрбандарын осымен үшінші жыл ресми түрде еске алу шаралары өткізілмеді. Шешенстан президенті мен үкіметінің ресми сайттарында тіпті 23 ақпан - шешендерді жаппай депортациялау басталған күн екені де айтылмайды. Мұның орнына сайтта президент Рамзан Қадыровтың республика тұрғындарын отан қорғаушылар күнімен құттықтаған үндеуі жарияланған.

Бұдан 72 жыл бұрын, 1944 жылы 23 ақпанда Сталиннің шешендер мен ингуштерді депортациялау шарасы басталған. Онда 650 мың адам Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне күштеп қоныс аударылған. Ол кезде депортацияға "жаппай әскерден қашу, соғыс уақытында әскерден жалтару және совет тылында қарулы бүлік шығаруға дайындық жасау себеп" ретінде жарияланған. Депортацияланғандардың жартысы жолда және барған жерлерінде алғашқы айларда қолайсыз жағдайларға шыдамай құрбан болған. 1957 жылы аман қалған шешендер мен ингуштарға отандарына қайтуға рұқсат етілген.

2012 жылы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 23 ақпанда атап өтілетін еске алу және аза тұту күнін 10 мамыр - өзінің әкесі, Шешенстанның бұрынғы президенті Ахмат Қадыров қайтыс болған күнге ауыстырған.

Кавказ халықтары ассамблеясының басшысы, Еске алу және аза тұту күнінде іс-шаралар өткізуге тыйым салынғанына қарсы болған Руслан Кутаев 2014 жылы есірткі сақтады деген айыппен төрт жылға сотталып кеткен.

XS
SM
MD
LG