Accessibility links

Ресей мен Украина жүк көліктеріне салынған тыйымды жойды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Украина премьер-министрі Арсений Яценюк Ресейдің екі елдің де бір-бірінің транзиттік жүк көліктерін өткізуге салған тыйымын жою ұсынысын қабылдады. Украина инфрақұрылым министрі Андрей Пивоварский 24 ақпанда Киевте өткен үкімет отырысында Ресей жағы осы айдың басында екі елдің бір-біріне жүк көліктерінің жүруіне салған барлық шектеуді алып тастауды ұсынғанын айтқан.

Яценюк Ресей жағының ұсынысына оң қарайтынын айтып, украин полициясы таяуда ел аумағында "Майдан" белсенділері жолын бөгеп, жүргізбей қойған ресейлік транзиттік жүк көліктерінің қауіпсіз түрде өтіп кетуіне жәрдемдесуі мүмкін екенін білдірді.

Ресей транспорт министрінің орынбасары Николай Асаул "Интерфакс" агенттігіне 25 ақпанға дейін "барлық шектеулер түпкілікті алынып тасталғанын" растады.

Украина 15 ақпанда өз аумағында ресейлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салған. Бұған мұның алдында Ресей жағының украин жүк көліктерінің өз территориясы арқылы жүруіне тыйым салуы себеп болған. Киев Мәскеуді Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ережесін және үкіметаралық келісімді бұзды деп айыптап, бұл жауап шарасы "Ресей жағынан мәселе шешілгенге дейін" күшінде қалатынын ескерткен.

Ресей транспорт министрлігі шектеуді украиналық "Автомайдан" қозғалысы белсенділерінің 11 ақпаннан бастап Ресей жүк көліктерін Украина территориясында бөгегеніне "жауап шаралары" деп түсіндірген еді.

XS
SM
MD
LG