Accessibility links

"Жас Алаштың" апелляциялық соты кейінге қалды


«Жас Алаш» газетінің апелляциялық соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайдың апелляциялық сот барысы жайлы айтқан сөзі. Алматы, 25 ақпан 2016 жыл.

Бүгін Алматы қалалық сотында «Жас Алаш» газетінің сот үкіміне қатысты апелляциялық шағымын қарау кейінге қалдырылды.

Сот процесіне келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін судья сот залына жібермеді. Апелляциялық шағымды қарау сотына «Жас Алашты» сотқа берген «Жас-Ай» медициналық орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы келмеді. Апелляциялық шағымды кейінге қалдыруға бұл да себеп болды.

Сот залынан шыққаннан кейін «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлының Азаттыққа айтуынша жауапкерлердің бірі Қабен Мұқанұлы да сотқа келмеген.

- Екі-үш қайтара талап етсек те, ақпарат құралдары өкілдерін кіргізбеді. "Сот залында орын жетпейді, сотқа қатысушы екінші тарап жоқ" деді. Жасан Зекейұлының адвокаты сот залына кешігіп кірді. Сотқа Жасан Зекейұлы мен Қабен Мұқанұлы да қатысуы керек. Ол екеуінсіз дау шешілмейді. Талапкер өткен сот процесінде талабын негіздей алған жоқ. Қабен Мұқанұлының да кінәсі дәлелденген жоқ. Сондықтан біз сот отырысын кейінге қалдыруды сұрадық, - дейді ол.

Рысбек Сәрсенбайұлы бүгінгі сот отырысының басында саясаткерлердің, журналистер мен интеллигенция өкілдерінің Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмиге жазған ашық хатын судьяға тапсырғанын, бірақ судья оны іске қосудан бас тартқанын айтады.

Жасан Зекейұлы «Жас Алаш» газеті мамыр айында өзі туралы жариялаған «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақала «абыройы мен ар-намысын қаралады» деп сотқа жүгінген. Ол әуелі газетті алты айға тоқтатуды және өзіне 400 миллион теңге моральдық шығын төлеуді сұраған.

Қарашаның 13-і күні Алматының Алмалы аудандық соты "Жас Алаш" басылымы мен журналистеріне қатысты үкім шығарған. Сот «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға, тілшісі Меруерт Тұрлыбековаға, газет оқырманы Қаден Мұқанұлына, Жасан Зекейұлының бұрынғы әйелі Гүлия Әлиханқызына және Гүлия Әлиханқызының әкесі, 76 жастағы Әлиханға, барлығы 40 миллион теңге айыппұл салған. Бұған қоса «Жас Алаш» газетінде Жасан Зекейұлы туралы жазылған мақаланы терістеу міндеттелген. Кейін сот шешіміне қанағаттанбаған жауапкерлер апелляциялық шағым түсірген.

XS
SM
MD
LG