Accessibility links

Зымыран резерват аумағына құлай ма деген қауіп бар


"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран тасығыштардың бірі. (Көрнекі сурет)
"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран тасығыштардың бірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстан ресейлік зымыран бөлшектері құлайтын аумақ ретінде Қостанай облысынан 100 мың гектар жер бөлмек. Мамандар оған ерекше қорғалатын табиғи аумақ та кіріп кетуі мүмкін екенін айтады.

Ақпанның 25-і күні интернетте Қостанай облыстық әкімшілігінің Жангелдин ауданынан ресейлік зымыранның бөлшектері құлауы тиіс жер бөлуді жоспарлап отырғаны туралы хатының көшірмесі пайда болды.

Ақкөл жанына зымыран қалдықтары құлауы мүмкін
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:56 0:00
Жүктеп алу

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы атынан жазылғанқұжатта: «Қостанай облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының 2016 жылғы 22 ақпандағы №2-09/225 хатына сәйкес Жангелдин ауданы аумағында «Союз-2» зымыран тасығышының бөлінетін бөлшектерінің құлайтын жаңа ауданының ашылуы жоспарлануда. Осыған байланысты 29 ақпанға дейін өз қорытындыңызды ұсынылған материалдарға сәйкес беруіңізді сұраймыз» деп жазылған.

«100 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР БӨЛУДІ ҚАРАСТЫРУ»

Азаттық тілшісі Қостанайдағы жергілікті билік орындарына хабарласып, бұл деректің жай-жапсарын сұрады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жауап алудың сәті түспеді. Бірақ хатта айтылған Жангелдин ауданы әкімдігі ондағы Ақкөл селолық округі маңынан шамамен 100 мың гектар жерді ресейлік зымыран қалдықтары құлайтын аумақ ретінде қарастырып жатқанын растады.

Қостанай облысы, Жангелдин ауданы аумағында өлген киік. Сурет Амандық Дәулетбекұлынан алынды. Маусым. 2015 жыл.
Қостанай облысы, Жангелдин ауданы аумағында өлген киік. Сурет Амандық Дәулетбекұлынан алынды. Маусым. 2015 жыл.

– Олардың айтып отырған жерлері – сортаң жерлер. Шабындық та емес, жайылымдық та емес, негізінен сортаң жерлер. Ол жерлерге шаруа қожалықтары жақын орналасқан. Шамамен 5-6 шақырым жерде тұрған шаруа қожалығын басқа жаққа көшіруі мүмкін, - деді Жангелдин аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Төленді Ғаниматұлы Азаттық тілшісіне.

​Жергілікті билік өкілдері дерегінше, Ресей зымыран тасығышының бөлшектері құлауы үшін жаңадан бөлінбек 100 мың гектар жердің 20-30 пайызы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жатыр. 2012 жылы Орталық Қазақстаның далалық және шөлді экожүйелерінің бірегей биоалуандылығын сақтау мақсатында құрылған бұл резерватқа Қостанай облысы Жангелдин және Амангелді аудандарының 500 мың гектар жері кіреді. Резерват аумағына киіктің негізгі мекендейтін, қоныс аударатын және төлдейтін жерлері енген.

Қостанай облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ресейлік зымыран бөлшегін құлауы тиіс аумақта мұндай табиғи резерват барын ескерткендерін айтады.

– Бізден сол аумақта ерекше қорғалатын жерлер бар ма деп сұраған. Біз «Алтын дала» резерваты бар екенін айттық. Бұдан басқа мәліметі жоқ, - деді басқарманың бас маманы Жанат Еңсебаев Азаттық тілшісіне.

Әкімдік өкілдерінің дерегінше, Қазақстан мен Ресей арасында бұл 100 мың гектар жер жайлы түпкілікті шешім қабылданбаған. Олар жазға таман «Роскосмос» өкілдері мен Қазақстан мамандар келіп, жерді көріп-тексеріп, содан кейін ғана келісім бекітілетінін айтады.

«40 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ЕКІ ЖЫЛ БҰРЫН БӨЛІНГЕН»

Қостанай облысы Жангелдин аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Төленді Ғаниматұлының сөзінше, ол ауданда бұған дейін де ресейлік зымыран тасығыш бөлшектерінің құлауына арналған аумақ бөлінген. Ол жер аудан орталығы Торғайдан оңтүстікке қарай 80 километрдей тұстағы Ақшығанақ елді мекені маңында.

Көкке көтерілген зымыран тасығыш. (Көрнекі сурет).
Көкке көтерілген зымыран тасығыш. (Көрнекі сурет).

– Екі жыл бұрын берілген. Көлемі – 40 мың гектар. Жартысы – Ақтөбе облысында, жартысы – бізде, Қостанай облысында. Енді жайылымдық жерлері де бар ғой, бірақ негізінен сортаң жерлер, - дейді Төленді Ғаниматұлы.

Оның сөзінше, Ресей тарабы бұл жер үшін жылына 350 мың АҚШ долларын төлейді, ол ақша жергілікті бюджетке түседі.

Ресей Қазақстаннан «Союз-2» зымыран тасығышының бөліктері құлауы үшін Қостанай облысынан жер беруді 2015 жылдың аяғында сұраған. Бұл ақпарат тараған кезде «жаңа аудан Байқоңыр айлағынан поляр маңы орбиталары спутниктерін ұшыру үшін қажет, яғни зымыранның ұшу траекториясы солтүстікке бағыт алған кезде керек» деп түсіндірілген. «Роскосмос» пен «Қазғарыш»мамандарының бұл мәселе жайлы отырысы 2016 жылдың басына өтетін болып белгіленген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG