Accessibility links

Прокурор Козлованы қоғамдық жұмысқа міндеттеуді сұрады


Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлова (оң жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова сотта. Алматы, 26 ақпан 2016 жыл.
Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлова (оң жақта) мен оның адвокаты Айман Омарова сотта. Алматы, 26 ақпан 2016 жыл.

Оппозициялық Nakanune.kz сайтының журналисі Юлия Козлованың ісіне қатысты сотта тараптардың жарыссөз кезеңі басталды. Бостандық аудандық сотында айыптаушы тарап соттан "есірткі сақтады" деп айыпталған Козловаға 180 сағат қоғамдық жұмыс атқару түрінде жаза кесуді сұрады. Прокуратура өкілінің пікірінше, Козлованың кінәсі дәлелденген және істе жазаны жеңілдететін және ауырлататаны айғақтар жоқ.

Козлованың адвокаты Айман Омарова жарыссөзде соттан журналисті босатып, оған қатысты істі "қылмыстық құрам жоқ болғандықтан" жабуды сұрады. Ол бұған қоса іс материалдарын полицияның есірткіні екінші рет айналымға жіберуге қатысы барын тексеру үшін сотқа жіберу қажет деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, тінту кезінде пәтерге "жиі пайдаланатын кезекші" есірткілік зат қолдан тасталған. Адвокаттың сөзінше, полиция сараптамаға Козлованың пәтерінде табылған пакетті емес, басқа пакетті жіберген. Омарова бұған қоса тергеу кезінде көптеген процессуалдық заң бұзушылықтар мен бұрмалаушылықтар болды деген пікір білдірді. Козлова адвокатының сөзін қолдады.

Козловаға сот үкімі 29 ақпанда шықпақ.

Алматы полициясы 18 желтоқсан күні "Казкоммерцбанк" туралы "тапсырыспен жазылған" мақалаларды жариялау туралы іс бойынша Nakanune.kz сайтының редакциясына, сайт иесі Гузяль Байдалинова мен Юлия Козлованың пәтерлеріне тінту жүргізген. Тінту кезінде полицияның Козлованың үйінен "есірткі затына ұқсас" шөп тапқаны хабарланған. Тергеушілер тағайындаған сараптама қорытындысы бойынша табылған шөп "есірткі" деп жарияланған. Ал "Әділ сөз" баспасөзді қорғау ұйымының тәуелсіз сараптамасы нәтижесі мұны жоққа шығарғанын айтады.

XS
SM
MD
LG