Accessibility links

ОСК: Барлық партия мен кандидатқа тең жағдай жасалады


Қазақстандағы бұрынғы өткен сайлаудың бір көрінісі. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы бұрынғы өткен сайлаудың бір көрінісі. (Көрнекі сурет)

27 ақпан күні орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова брифинг өткізіп, «сайлау органдарының үгіт науқаны кезеңіндегі негізгі міндеті - барлық саяси партиялар мен кандидаттарға үгіт жүргізу үшін тең жағдайлар туғызу болып табылады» деп мәлімдеген.

Дегенмен Охлопкова «сайлау процесіне тікелей қатысушылар ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының өздері де, Сайлау туралы заңның саяси партиялар және мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін тең жағдайлар жасау жөніндегі талаптарын іске асыруға мүдделі болуы тиіс» деген.

Ол ОСК мониторингінің алдын ала мәліметтері «БАҚ-қа тең қолжетімдікті қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ партиялар мен кандидаттардың қызметін тең жария ету туралы талаптары тұтастай сақталып отырғанын көрсетеді» деп мәлімдеген. Охлопкова ОСК және аумақтық сайлау комиссиялары сайлау процесіне қатысушылардың үгіт науқанын жүргізуге байланысты барлық өтініштеріне барынша жедел түрде ден қоюға тырысатынын атап өткен.

Азаттық кей саясаткерлердің ОСК-ның осыған дейінгі жұмысына күмәнмен қарайтыны жөнінде бұған дейін жазып, «сайлау комиссиясы әділетсіздігін бастан кешкен» оппозициялық тұлғаларға сөз берген еді. Олар ОСК төрағасын президент сайлайтынын, оның құрамында оппозициялық, болмаса басқа партия өкілдері жоқ екенін айтып, шағымданған. Саясаткерлер пікірлерін «Орталық сайлау комиссиясының «хикаялары» мақаласынан оқи аласыз.

Қазақстанда өткен президент және парламент сайлауларын ТМД бақылаушылары үнемі «талапқа сәйкес өтті» деп бағаласа, ЕҚЫҰ олардың «демократиялық талаптарға қайшы өткенін» мәлімдеп келеді. Ал 25 ақпан күні Азаттық сауалына берген жауабында ОСК мүшелері арасында биліктегі "Нұр Отан" партиясы өкілі ғана бар екенін мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG