Accessibility links

Грекия: Мигрант саны үш есе артуы мүмкін


Грекияның Лесбос аралына келіп түскен мигранттар. 23 ақпан 2016 жыл.

Грекияның Лесбос аралына келіп түскен мигранттар. 23 ақпан 2016 жыл.

Грекия билігі Балқан түбегінде шекараның жабылуынан ел аумағында қамалып қалған мигранттар саны таяу уақытта үш есе көбейіп, 70 мың адамға жетуі мүмкін деп қауіптенеді. Грекия миграция министрі Йаннис Музаластың айтуынша, елде қазірдің өзінде 22 мың мигрант бар. Грекия - Таяу Шығыс аймағынан шыққан мигранттар үшін Еуропаға барар жолда аялдап өтетін мемлекет.

Соңғы күндері Словения, Хорватия мен Македония күн сайын 580-ге дейін ғана мигрант қабылдайтын квота енгізгеннен кейін Грекияға келетін және қалып қойған мигрант көбейген. Бұған дейін Австрия босқын мәртебесін беру туралы өтініштің күнделікті 80 пайызын ғана қанағаттандырып отыратынын мәлімдеген. Бұдан өзге, Австрия билігі күн сайын ел аумағын кесіп өтетін мигрант санын 3 мың 200-ден асырмау туралы шектеу енгізген.

Афина Венаны мигранттардың Еуропаға барар жолындағы Балқан түбегі маршрутында "домино әсерін" туындатып отыр деп айыптайды. Австрия мен Балқан түбегі елдері керісінше Грекияны шекарасын қорғай алмай отыр деп кіналайды.

Жыл басынан бері Еуропа 120 мың мигрант қабылдады. Өткен жылы Эгей теңізі арқылы Түркия территориясынан Еуропаға барғандар саны екі миллион адамға жуықтаған болатын.

XS
SM
MD
LG