Accessibility links

Донбаста 2 жарым мыңдай украин сарбазы қаза тапқан


Донецк маңында тұрған Украина әскерінің танкілері. 23 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Донецк маңында тұрған Украина әскерінің танкілері. 23 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина сыртқы істер министрлігі Донбастағы қақтығыстан 2600-ден астам украин әскери қызметкердің мерт болғанын және шамамен 9 мыңдай жауынгердің жарақат алғанын мәлімдеді.

Минск келісімінің орындалуы туралы дүйсенбі күні кешкісін жариялаған министрліктің мәлімдемесінде соңғы екі айда украин жағы сепаратистер тарапынан 2500-ден астам мәрте атқыланғаны жазылған.

Соның кесірінен 12 әскери қызметкер қаза тауып, 150-ден астам солдат жарақат алған.

Киев сонымен бірге Мәскеуді Донбаста ресейлік офицерлер жетекшілік ететін, соңғы үлгідегі қару-жарақпен жабдықталған 40-мың сарбаздық жасақ құрды деп айыптаған.

Министрлік мәліметіне сәйкес, бұл жасақтың иелігінде шамамен 470 танк, 870 беренді көлік, 450 артиллериялық қару-жарақ түрлері бар. Украина тарабының айтуынша, Ресей сонымен қатар «кассеталық зымыран және жаяу әскерге қарсы қойылатын мина сияқты тыйым салынған қару түрлерін қолданады».

Украинаның шығысында әскери әрекеттер 2014 жылдың көктемінен бері жүріп жатыр. Мәскеу бұған дейін Донбастағы қақтығысқа өздерінің қатысы жоқ екенін және онда Ресей әскері кіргізілмегенін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын.

XS
SM
MD
LG