Accessibility links

СІМ: АҚШ-та оққа ұшқандар Ақмолада туған


Белфэйр қаласындағы әйелі мен екі баласын атып өлтірген тұрғынның үйі жанында тұрған полицейлер. АҚШ, 26 ақпан 2016 жыл.
Белфэйр қаласындағы әйелі мен екі баласын атып өлтірген тұрғынның үйі жанында тұрған полицейлер. АҚШ, 26 ақпан 2016 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) АҚШ-та оққа ұшқан қазақстандық жасөспірімдерге қатысты мәлімдеме жасады.

СІМ «Оққа ұшқан балалар Ақмола облысында туған және 2002 жылы оларды АҚШ-тағы Карлсон отбасы асырап алған. 2002 жылдың қазан айынан бастап Нью-Йорктегі (АҚШ) Қазақстанның бас консулдығында Карлсон Тори Тимур (1997 жылы туған) және Карлсон Куинн Дамир (1999 жылы туған) ретінде консулдық есепте болған» деп жазған.

Министрлік қайтыс болған азаматтардың жақындарына көңіл айта отырып, БАҚ өкілдерін олардың жеке өміріне құрметпен қарауға шақырған.

СІМ мәліметінше, Нью-Йорктегі Қазақстанның бас консулдығы жергілікті құқық қорғау органдарынан қайғылы оқиғаға байланысты мұқият зерттеу жүргізіп, тергеу барысы туралы ақпаратпен толық қамтамасыз етіп отыруды сұраған. Министрлік мәліметі бойынша, оқиға барысында қаза болған адамдардың барлығы - АҚШ азаматтары. Министрлік бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстайтынын хабарлаған.

Бұдан ары мәлімдемеде министрлік шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау мақсатында оларды бақылауды күшейткенін атап өткен.

Министрліктің жазуынша, қазақстандық балаларды асырап алған америкалық отбасылардың қазақстандық билікке балалардың жағдайы туралы есеп бермеуі себепті және бала асырауға қатысы бар АҚШ-тағы өзге де шулы оқиғаларға байланысты 2012 жылдан бастап АҚШ азаматтарының қазақстандық балаларды асырап алу процедурасы тоқтаған.

2016 жылы 26 ақпан күні Вашингтон штатына қарасты Белфэйр қаласында 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл жолдасы 49 жастағы Лана Карлсон мен асырап алған екі баласы Тори мен Куинді атып тастаған болатын. Полицияның дерегінше, қайғылы оқиғадан тірі қалған отбасы мүшесі - 12 жастағы қыз қанды оқиғадан қашып шыққан немесе оны Кэмпбелдің өзі босатып жіберген болуы мүмкін. Бұған қоса, полиция Дэвид Кэмпбелдің бұған дейін қылмыс жасағанын, оның «қаскүнем адам» болғанын мәлімдеген.

Бұл екі жасөспірімнің Қазақстанда туылғанын бұған дейін Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілдігі растап, алайда олардың Қазақстан елшілігінде консулдық есепте тұрмағанын хабарлаған еді. Қазақстанда туылған Тори 18 жаста, ал Куинн 16 жаста болған.

XS
SM
MD
LG