Accessibility links

Forbes тізіміндегі қазақстандықтар байлығы кеміген


Бизнесмен, Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Болат Өтемұратов.
Бизнесмен, Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Болат Өтемұратов.

Forbes журналы жариялаған 2016 жылы әлемдегі ең бай адамдар тізіміндегі қазақстандық бес миллиардердің байлығы кеміген. Биылғы тізімде бизнесмен Болат Өтемұратов 771-орында, Динара Құлыбаева мен Тимур Құлыбаев 906-орында, Алиджан Ибрагимов және Владимир Ким 1198-орында тұр.

Forbes мәліметінше, 2015 жылы 2,6 миллиард доллар болған Өтемұратовтың байлығы 2016 жылы 2,3 миллиардқа азайған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан назарбаевтың бұрынғы іс басқарушысы болған Өтемұратов өткен жылы тізімде 714-орында болған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың әрқайсысының байлығы 2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда сәл азайып, 2 миллиард долларды құраған. Өткен жылы олар әрқайсысы 2,1 миллиард доллармен 894-орында тұрған.

ERG корпорациясы иелерінің бірі Алиджан Ибрагимовтың байлығы 2,2 миллиард доллардан 1,5 миллиард долларға - 700 миллионға дейін азайған. Ибрагимов өткен жылы тізімде 847-орында тұрған.

Өткен жылы 1,8 миллиард доллармен 1054-орында тұрған мыс магнаты Владимир Кимнің байлығы да биыл 1,5 миллиард долларға азайған.

Журнал биыл да әлемдегі ең бай адам деп Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтсті атады. Оның байлығы 75 миллиард долларға бағаланған. Одан кейінгі әлемдегі ең бай адамдар тізімінде Zara компнаиясының негізін салушы, 67 миллиард доллар байлығымен Амансио Ортега тұр. Үшінші орында 60,8 миллиард доллар байлығымен инвестор Уоррен Баффет тұр.

Биыл әлемдегі ең бай он адамның тізіміне Facebook-тің негізін салған Марк Цукерберг (44,6 миллиард доллар) пен Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос (45,2 миллиард доллар) кірген.

XS
SM
MD
LG