Accessibility links

ҚазТАГ сайты "техникалық себептен" ашылмай тұр


ҚазТАГ сайтына кіргенде шыққан қателік туралы ақпараттан скриншот. 2 наурыз 2016 жыл.

ҚазТАГ сайтына кіргенде шыққан қателік туралы ақпараттан скриншот. 2 наурыз 2016 жыл.

ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің сайты қазір ашылмай тұр. Браузерде kaztag.kz адресі бойынша кіргенде парақшада қателік бары көрсетіледі. ҚазТАГ редакциясы сайт "техникалық себептерге байланысты" уақытша ашылмай тұрғанын айтады. Сайттың бас редакторы Татьяна Өтеулиева Азаттыққа сайт ақпаратына жазылғандар ақпараттыалып отырғанын айтады.

"Сайт екінші тәулік ашылмай тұр. Бірақ администраторларымыздың ақпаратына қарағанда, сайт бүгін түске қарай істеуі тиіс" дейді Өтеулиева. Ол мұндай ақпарат әлеуметтік желілерге жарияланғанын да айтты.

Сайт кеше шектеулі жұмыс істеген. Сайттың кэш нұсқасы ғана ашылып, сайт мазмұны жаңаланып тұрған. ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаевтың сөзінше, сайт жұмысының іркілуі ақпанның соңында басталған.

22 ақпанда Әсет Матаевты әкесі - Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевпен бірге антикоррупциялық қызметке тергеуге апарған. Әсет Матаев сол күні босатылған. Ал Сейітқазы Матаев бюджет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікпен ұсталған. 24 ақпанда сот оны үйқамаққа алған. Өткен аптада оны Алматыдағы кардиологиялық орталыққа жеткізген.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы Матаевтардан мемлекеттік саясатты ақпараттық насихаттау үшін бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деп күдіктенеді. Бірақ Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды және оқиғаны "үкіметтік емес ұйым мен ақпарат құралына қысым жасау әрекеті" деп бағалайды.

1 наурызда "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы қазақстандық бірнеше үкіметтік емес ақпарат құралдары өздеріне Матаевтың ісін тергеумен айланысатын антикоррупциялық бюро қызметкерлері бухгалтерияларынан сақтау мерзімі өтіп кеткен құжаттарды алып жатқанын айтады.

XS
SM
MD
LG