Accessibility links

ҮЕҰ: Балалар құқығы бойынша шағым көбейді


Мақта теріп жүрген балалар. (Көрнекі сурет).

Мақта теріп жүрген балалар. (Көрнекі сурет).

2015 жылы балалар мен жастар құқығын қорғауға арналған 150 сенім телефонына 340 мың шамасында қоңырау шалынған. Оның ішінде 8,7 мыңнан астамында балалар құқығына қатысты шағым айтылған. 3043 шағым балалардан, 5738 шағым ересектерден түсті.

Бұл туралы Қазақстан дағдарыс орталықтарының төрайымы Зүлфия Байсақова бүгін Алматыда өткен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) баспасөз мәслихатында жариялады. Оның айтуынша, жылдан-жылға шағым мөлшері өсіп келе жатыр. 2013 жылы - 6755 шағым, 2014 жылы 6862 шағым түскен.

- Мұның бәрі балалар мен жастардың құқығын қорғауда арнайы тетіктердің қажет екенін көрсетеді, - деді Зүлфия Байсақова. Ол балалар мен жастар құқығын қорғауда әзірге сенім телефоны ғана бірден-бір мүмкіндік болып отырғанын айтты.

Баспасөз мәслихатына қатысқан ҮЕҰ өкілдері биыл 10 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қоғамдық негізде құрылған балалар құқығын қорғау жөніндегі омбудсман институтына қатысты ұсыныстарын да айтып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді.

«Қазақстан балалар қоры» басқармасының төрайымы Эльвира Ватлинаның айтуынша президент жарлығы бойынша құрылған институт әзірге жұмысқа кіріспеген, жарлықты жүзеге асыру міндеті президент әкімшілігіне тапсырылған.

- Мұндай институт құру жөнінде біз Қазақстандағы Сорос қоғамдық қорының өкілдігімен бірге 2002 жылдан бері ұсыныс жасап келеміз. Бұл тек Астана мен Алматыда қалып қоймай, Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істеуі тиіс. Халықаралық тәжірибеде мұндай ұйым қоғамдық негізде мониторинг жасайды. Бірақ қазір құрылып отырған институт мемлекеттік мекемелердің көмегіне жүгінетін секілді. Мұндай тәсіл тәуелсіз мониторинг қағидаларына қайшы келеді. Әрине, экономикалық дағдарыс кезінде мемлекет жергілікті жерлерде жаңа институттың инфрақұрылымларын ұстап тұра алмайтыны, оған жеткілікті қаржы бөле алмайтынын түсінеміз. Сол себепті қоғамдық негіздегі ҮЕҰ-ны пайдалануына болады деп ойлаймыз, - деді Эльвира Ватлина.

Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Роза Ақылбекованың айтуынша балалар құқығын қорғау жөнінде уәкіл тек Қазақстан президентіне ғана есеп беретіндей тәуелсіз лауазым болуы тиіс.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG