Accessibility links

Донбасқа қатысты бірнеше келісім жасалды


Ресей, Украина, Франция және Германия сыртқы істер министрлері: (солдан оңға қарай) Сергей Лавров, Павел Климкин, Жан-Марк Айро және Франк-Вальтер Штайнмайер келіссөзде. Париж, 3 наурыз 2016 жыл.

Ресей, Украина, Франция және Германия сыртқы істер министрлері: (солдан оңға қарай) Сергей Лавров, Павел Климкин, Жан-Марк Айро және Франк-Вальтер Штайнмайер келіссөзде. Париж, 3 наурыз 2016 жыл.

Украина, Ресей, Франция және Германия сыртқы істер министрлері Украина шығысында маусымның соңына қарай жергілікті органдарға сайлау өткізілуі тиіс дегенге келісті. Министрлер 3 наурызда Парижде кездесіп, тоғыз сағаттай уақыт Украина шығысындағы қақтығысты тоқтату туралы Минск келісімінің орындалу барысын талқылаған.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Марк Айроның мәлімдеуінше, министрлер 2016 жылдың алғашқы жартысының соңына дейін сайлау туралы қабылдаудың маңызды екенін айтқан.

Бірақ өзге министрлер сайлау өткізуге қатысты ортақ келісім жасай алмады. Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин сайлау өткізбес бұрын аймақта бітімнің барлық шарты орындалып, қару-жарақ түгел әкетілуі тиіс деген талап қойған.

"Біз сайлаудың қауіпсіз түрде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Бізге территориямыздың қауіпсіз болғаны керек. Қауіпсіздік орнамай ары қарай ешнәрсе істей алмаймыз" деді Климкин. Ол келіссөзде қандай да бір алға ілгерілеушілік байқалмағанын айтады.

Киев бұған дейін елдің шығысында сайлау туралы заң қабылдап, сайлау белгілемес бұрын қақтығыс пен зорлық-зомбылық толықтай тоқтауы тиіс деген талап қойып келген.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу Германия мен Францияның биылғы жылдың алғашқы жартысында сайлау өткізу ұсынысын қолдауға дайын екенін және сепаратистердің бітім шарттарын сақтап, сайлауға қатысуына ықпал етпек ниетте екенін айтты. Бірақ Лавров Украинаның сайлау мерзімін белгілеу туралы кез-келген ұсыныстан бас тартуы жалпы сайлау өткізу мәселесінде ортақ келісім жасауға кері әсер ететінін айтады.

Келіссөзге қатысқан батыстық дипломат Германия мен Франция Украинаны биылғы жылдың алғашқы жартысында сайлау туралы заң қабылдап, сайлау өткіздіртуге ықпал ете беретінін айтты.

Министрлер бұған қоса 30 сәуірге дейін үкімет әскері мен сепаратистер заңсыз ұстап отырған барлық тұтқындармен алмасып, бейбіт тұрғындарды босатуы тиіс деген шешім қабылдаған.

Тараптар сонымен қатар 30 сәуірге дейін бітімді бұзу әрекеттерін тоқтатуға, қақтығыс аймақтарына бақылаушыларды кіргізуге келіскен.

Лавровтың айтуынша, дипломаттар майдан шебіндегі 12 аймақты минадан тазарту жұмыстарын бастауға және майдан шебіне жақын әскери жаттығулар өткізуге тыйым салуға келіскен.

БҰҰ дерегі бойынша, Украина шығысында 2014 жылы сәуірде украин әскері мен сепаратистер арасында басталған қақтығыстан 9 мың 100-ден астам адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG