Accessibility links

Қырымда KaZантип фестивалін өткізуге тыйым салды


Қырым прокуроры Наталья Поклонская.
Қырым прокуроры Наталья Поклонская.

Ресей аннексиялаған Қырым түбегінің билігі аймақта "KaZантип" және "Бефуз" жастар музыкалық фестивалін өткізуге мүлдем тыйым салды. "РИА Крым" агенттігінің хабарлауынша, мұндай шешім прокуратура, ішкі істер министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің бірлескен кеңесінде қабылданған.

Қырым прокуроры Наталья Поклонскаяның мәлімдеуінше, бұл фестивальді ұйымдастырушылар өздеріне мұндай шараларды өткізуге ешкім рұқсат бермейтінін түсінуі тиіс. Оның сөзінше, бұл - "ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар мәселе".

Полицияның мәліметінше, өткен жылы Сакский ауданында "Бефуз" фестивалін өткізу кезінде жүргізілген рейдте "есірткі шеккен" 11 адам ұсталған. Билік бұған қоса фестивальді ұйымдастырушыларға өрт қауіпсіздігі, санитарлық талаптарға қатысты тағатын міні барын және фестиваль өткізілген аудан тұрғындарының шағымданғанын айтады.

УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Қырымда "KaZантип" фестивалі 1995 жылдан бері өткізіліп келген. 2015 жылы шілдеде фестивальді ұйымдастырушылар шараны Қырымда өткізуден бас тартқан. 24 шілдеде Поклонскаяның төрағалық етуімен фестиваль өткізудің заңдылығына қатысты жиын өткен. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Роспотребнадзор мекемесі ұйымдастырушылар таңдап алған орын тиісті талаптарға сай келмейді деп хабарлаған. Ал аудан прокуратурасы фестивальде ішімдік сату заңға қайшы деген.

XS
SM
MD
LG