Accessibility links

Moody's Қазақстан рейтингін қайта қарайды


Ақша санап тұрған адам (Көрнекі сурет).

Ақша санап тұрған адам (Көрнекі сурет).

Moody's халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның мемлекеттік облигациялары мен эмитенттерінің рейтингін төмендетуді қарастырып жатқанын хабарлады.

Агенттік жариялаған есебінде рейтинг мұнай бағасының бұдан ары да арзандауының таяу жылдары Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері мен мемлекеттік балансына ықпал ету деңгейін анықтау үшін қайта қаралатыны айтылады. Рейтингті қайта қарау екі айда аяқталмақ.

Moody's таяуда мұнай бағасына жасаға болжамын қайта қараған. Агенттіктің жаңа болжамы бойынша, 2016 жылы Bernt маркалы мұнай баррелі 33 АҚШ доллары, 2017 жылы 38 доллар шамасында болуы мүмкін, бұдан соң баға ақырындап 2019 жылға дейін 48 долларға дейін көтеріледі.

Агенттік мұнай мен газ Қазақстан экспортының 74 пайызын, одан түсетін кіріс жалпы ішкі өнімнің 23 пайызын құрайтынын және мемлекеттің жиынтық шығынының 42 пайызын жабатынын айтады. Moody's мұнай бағасының арзандауы Қазақстан үкіметінің төлем балансына, экономикалық көрсеткіштерін әлсіретіп, несие профиліне кері әсер етіп жатыр дейді.

Халықаралық агенттік бұған қоса негізінен мұнай экспорттаушы елдер - Ресей, Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт, Нигерия, Ангола және Біріккен Араб әмірліктерінің де мемлекеттік облигациялары мен эмитенттерінің рейтингін қайта қарамақ.

Moody's осы апта басында экономикалық өсімінің төмендеуіне байланысты Қытайдың несие рейтингін қайта қарауға қойған. Қытай жылдам дамушы, мұнай мен басқа да шикізатты ең көп тұтынушы болғандықтан, бұл ел экономикасы өсімінің баяулауы мұнай бағасы арзандауының негізігі себебі ретінде аталған.

XS
SM
MD
LG