Accessibility links

ЖСДП: Тең дәрежеде насихатталу құқығымыз бұзылды


ЖСДП-ның сайлауалды штабының жетекшісі Айдар Әлібаев.
ЖСДП-ның сайлауалды штабының жетекшісі Айдар Әлібаев.

Өзін оппозиция санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) жергілікті бірнеше телеарнаны партияның сайлауалды үгіт-насихат жүргізудегі теңдей насихатталу құқығын бұзып отыр деп айыптады.

Партия ресми сайтында жарияланған Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың атына жазылған хатта партияның сайлауалды штабы жетекшісі Айдар Әлібаев "Хабар", Қазақстан", 24.kz телеарналарын айыптайды. Партия ОСК басшылығынан партияның сайлауалды насихатын теңдей жүргізу құқығын қалпына келтіруді сұрайды.

ЖСДП 20 ақпаннан 4 наурызға дейінгі аралықта аталған телеарналар партияның үгіт-насихат хабарларын таратуда "партия аты мен кандидаттарының танылуын әдейілеп төмендетуді көздейтін айла-шарғыларды қолданды" дейді.

Партияның ұйғарымынша, телеарналар хабарында партия кандидаттарын "алыстан, бұлыңғыр" етіп, партия жиындарында халықтың "аз жиналған тұсын ғана" көрсетеді. "Партияның идеологиясы, бағдарламасы мен мақсаты туралы айтылмайды. Аталған ереже бұзу әрекеттерінің алдын ала ойластырылған, жоспарлы екені көрініп тұр. Себебі мәжіліс сайлауына қатысатын басқа партиялардың сайлауалды іс-шараларын көрсеткен кезде мұндай ереже бұзушылық мүлдем болмайды" делінген ЖСДП хатында.

Қазақстан парламенті мәжілісі мен мәслихатына ерте сайлау 20 наурызға белгіленген.

ОСК мәжіліс сайлауына 234 кандидатты қамтитын алты саяси партияның тізімін тіркеген. Биліктегі «Нұр Отан» партиясы мәжіліс сайлауына ең көп үміткер ұсынды - 127 кандидат. «Ақ жол» - 35, ЖСДП - 23, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы - 22 кандидат, «Ауыл» - 19, «Бірлік» – 8 кандидат ұсынып отыр.

XS
SM
MD
LG