Accessibility links

Адвокаттары Савченконың ендігі әрекеттерінен қауіптенеді


Украин ұшқышы Надежда Савченконы қолдаушылар жасаған постер.
Украин ұшқышы Надежда Савченконы қолдаушылар жасаған постер.

Надежда Савченконың адвокаттары оның шарасыздықтан жасауы мүмкін ширыққан әрекеттерінен қауіптеніп отыр.

"Надежданың су ішпейтін аштық жариялауы ешкімге уақыт қалдырмай тұр. Түрме әкімшілігі оның өміріне басымен жауап береді. Олардың Савченконы мәжбүрлеп қоректендіру жоспарлары бар шығар. Надежда мұндай жағдайда басқаша әрекет ететінін айтқан. Ол түрме күзетшілеріне шабуыл жасауды, болмаса басқа бір ширыққан әрекетке баруды айтты ма - ол жағын білмедім" деп жазды Facebook-ке адвокаты Илья Новиков.

Новиков "СИЗО-дағы алғашқы күннен бастап - 2014 жылдың маусымынан бері ол өзіне қол жұмсауы немесе қашып кетуі мүмкін тұтқындар есебінде тұр. Бұған қандай да бір негіз бар деп отырғаным жоқ, бірақ Надежда жіті бақыланып келеді" дейді. Мұнан бөлек, ол Савченконы аштықты тоқтатудан айныту мүмкін емес екенін жазған.

Мұның алдында Ресей омбудсмені Элла Памфилова Савченконың сіңлісі Вераға телефон арқылы Надежданың жағдайы қалыпты екенін хабарлаған. Оны қазір түрме әкімшілігі визуалдық бақылауға алған, қан қысымын ұдайы өлшеп отыр. Савченконың ағзасына мәжбүрлеп қорек және сұйықтық енгізу қажеттігі әзірге жоқ екені хабарланды.

Савченко су ішпейтін аштығын 3 наурыздан, сот соңғы сөзін айтуға рұқсат бермей қойғаннан бері жалғастырып жатыр. Ол өзін күштеп тамақтандыруға тыйым салатынын мәлімдеген, бірақ адвокаттардың айтуынша, Ресей заңдары бойынша адамның мұндай жолмен өлуіне жол берілмейді.

Жексенбі күні Савченконың адвокаты Марк Фейгин Украинаның "Новое время" газетіне наурыздың соңы мен сәуірдің басында Савченконы Украинаға беруі, оны Ресейдің Украинада қамалған екі азаматы, тыңшылар Александр Александров пен Евгений Ерофеевке айырбастауы мүмкін екенін хабарлаған.

Надежда Савченко Ресей тағып отырған айыптарды мойындамайды. Оны ресейлік екі тілшінің өліміне қатысты айыптаған. Савченко өзін отанына дереу қайтаруды талап етеді. Бұған дейін ол бірнеше рет аштық жариялаған еді.

XS
SM
MD
LG