Accessibility links

Мигранттар жайлы ЕО-Түркия келісімі келесі апта жасалмақ


Брюссельдегі саммитте ас ішіп отырған ЕО және Түркия басшылары.

Брюссельдегі саммитте ас ішіп отырған ЕО және Түркия басшылары.

Түркия мен Еуропа Одағы (ЕО) мыңдаған мигрантты Түркияға қайтару мәселесі бойынша келісім жасауды келесі аптаға қалдырды. Жаңа келісім 17 наурыз күні жасалуы мүмкін.

Брюссельде 7 наурыз өткен келіссөздерден кейін ЕО басшылары Түркияға "Еуропа бір босқынды қабылдаған жағдайда, бір заңсыз мигрантты кері (Түркияға) қайтарады" деген ұсыныс жасады.

Германия канцлері Ангела Меркель, Еуропа комиссиясы президенті Жан-Клод Юнкер, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен ЕО президенті Дональд Туск Түркияның жоспарын тыңдағаннан кейін оны құптаған, бірақ біршама тұстарын нақтылауды ұсынған.

Жиыннан кейін Туск "Еуропаға ағылған заңсыз мигранттар көші тоқтайды" деп мәлімдеген. Түркия бір босқынға бір заңсыз мигранттары кері қайтару идеясын орындау үшін 3 миллиард евро талап еткен.

Еуропа елдері Түркияға көмекті көбейтуге келіскен, бірақ оның көлемін нақты айтпаған. Мұның сыртында ЕО басшылары Түркия азаматтарын Еуропаға визасыз кіргізуге келіскен, бірақ Түркияның өзінің виза саясатына шарт қойған. Ол бойынша, Түркия өзі арқылы өтетін ислам елдері азаматтарына визалық талапты қатайтуы, олардын биометрикалық паспорт сұрауы керек.

Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу өз елінің босқындарды өткізіп, заңсыз мигранттарды қайтарып алу ұсынысына келісу мүмкін екенін, Түркияның Еуропаға заңсыз миграция мен адам тасу контрабандасына барынша тоқсауыл қоюға және босқындар өмірін құтқаруға тырысатынын мәлімдеген.

Давутоглу "Біз заңсыз мигранттарды Түркияда қалдыру туралы батыл шешім қабылдадық. Біз сириялық босқындардың Еуропаға жетуі үшін осыған барып отырмыз" деген.

Франция президенті Франсуа Олланд "Түркиядан Грекияға толассыз келіп жатқан мигранттарды тоқтату үшін біз Анкараны қолдауымыз керек" деп мәлімдеген. Ол "саммитттің мигранттар дағдарысы шешіледі деген үміт сыйлағанын" айтқан.

Ал НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг альянс кемелерінің Грекия мен Түркия арасындағы теңіздерде заңсыз жөңкілген мигранттарды ұстауға көмектесетінін хабарлаған. Столтенбергтің сөзіне қарағанда, ол үшін Ұлыбритания мен Франция Эгей теңізіне НАТО миссиясы аясында кемелерін жібермек.

Ол НАТО-ның Сирия-Түркия шекарасын бақылауын және барлауын күшейтетінін мәлімдеген.

Брюссельдегі саммит Еуропаның соңғы жарты ғасырда ұшырасқан ең үлкен миграция дағдарысын шешу үшін маңызды болып тұр. Еуропа елдері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жасалған Шенген зонасын қалыптастыру жұмыстарына қауіп төндіріп, Еуропа Одағындағы араздықтарға себеп болуы мүмкін бұл дағдарыстан осы саммит нәтижесінде шығудан үміттеніп отыр. Бұл саммиттен Түркия ЕО-ға кіру мәселесін ілгерілетуді күтеді.

Мигранттар Еуропаға негізінен Түркия арқылы өтіп жатыр. Бұл маршрутты 2015 жылы 880 мыңдай босқын пайдаланған.

XS
SM
MD
LG