Accessibility links

Мәскеудегі акцияда ұсталғандардың кейбірі босатылды


Мәскеудегі автобус аялдамасына ілінген Надежда Савченконың портреті мен "Live! Живи" деген жазу. 8 наурыз 2016 жыл.
Мәскеудегі автобус аялдамасына ілінген Надежда Савченконың портреті мен "Live! Живи" деген жазу. 8 наурыз 2016 жыл.

Мәскеуде украиналық ұшқыш Надежда Савченконы қолдаған акция кезінде ұсталып, полиция бөліміне апарылған бес адам босатылды. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, полиция ұсталғандармен әңгімелесіп, түсінік жазуды сұраған, бірақ хаттама толтыртпаған.

Бұған дейін 8 наурызда Мәскеуде Савченконы қолдаған акцияда 35 адам ұсталғаны хабарланған еді. "ОВД-Инфо" порталының хабарлауынша, ұсталғандарды үш автозакке отырғызып, "Тверский", "Мещанский" және "Пресненский" полиция бөлімшелеріне әкеткен. Журналист Анастасия Зотованың Twitter парағында хабарлауынша, ұсталғандардың көбі - әйелдер, олар Ресейде сотталып жатқан Надежда Савченконы жақтап қол ұстасып тұрғандары үшін қамалған.

Бұған қоса полиция бөлімшесінде 7 наурыз күні кешке Лубянск алаңында Савченконы қолдап акция өткізгені үшін ұсталған Александр Макаровтың әлі отырғаны хабарланды. Оны тергеуге міндетті түрде келу туралы хаттамаға қол қоймағаны үшін босатпаған. 7 наурызда полиция Макаровпен бірге Василий Недопекинді, Вера Лаврешинді, Елена Захаровты және Михаил Удимовты да ұстаған. Олар акцияда Украина туы мен "Надя, живи" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Полиция кейін төртеуін акция өткізу тәртібін бұзғаны туралы хаттама толтырып, босатқан.

Ресейшіл сепаратистермен соғысқан еріктілер батальонының мүшесі Надежда Савченко 2014 жылы маусымда Украинаның шығысында ұсталып, Ресейге жіберілген. Оған ресейлік журналистердің қазасына қатысты айып тағылған.

XS
SM
MD
LG