Accessibility links

ЕО-ны Путинге санкция салуға шақырды


Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин.

Еуропарламент депутаттары Еуропа Одағын Ресей президенті Владимир Путин мен украиналық ұшқыш Надежда Савченконы қудалауға қатысы бар деген тағы 28 адамға қарсы санкция салуға шақырды. 57 депутат бұл туралы арнайы үндеуін ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могериниге жолдады.

"Біз, Еуропа парламентінің депутаттары ЕО Ресейдің халықаралық құқық пен Минск келісім талаптарын өрескел бұзып отырғанына дереу жауап беруі тиіс деп санаймыз" делінген Еуропарламент депутаттарының үндеуінде.

Депутаттар санкция тізіміне Путиннен өзге Федералдық қауіпсіздік қызметінің (немесе ФСБ) басшысы Александр Бортниковты, Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкинді және оған бағынышты бірнеше адамды, Мемлекеттік думаның халықаралық істер комитетінің жетекшісі Алексей Пушковты және Савченконың ісін бұрмалауға қатысы бар сот, прокурор және басқа да шенеуніктерді қосуды сұрайды.

Еуропарламент депутаттары сонымен қатар сепаратистердің өзін-өзі жариялап алған Луганск халық республикасының жетекшісі Игорь Плотницкийді де қосуға шақырады.

Ресейшіл сепаратистермен соғысқан еріктілер батальонының мүшесі Надежда Савченко 2014 жылы маусымда Украинаның шығысында ұсталып, Ресейге жіберілген. Оған ресейлік журналистердің қазасына қатысы бар және Ресей шекарасын заңсыз кесіп өтті деген айыптар тағылған. Надежда Савченко Ресей тағып отырған айыптарды мойындамайды. Ол өзін отанына дереу қайтаруды талап етеді.

XS
SM
MD
LG