Accessibility links

Франция соты Әблязовті қамауда қалдырды


"БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов.
"БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов.

Франция соты "БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін қамауда қалдыруға шешім қабылдады деп хабарлайды бүгін France Press агенттігіне сілтеме жасаған ТАСС агенттігі. Әблязовті қамауда қалдыру туралы шешімді Лион қаласының апелляциялық соты шығарған.

Лион соты Әблязовтің адвокаттарының оны қамаудан босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Агенттік мәліметінше, сот Әблязовтің "Франциядан қашып кету қаупі бар" деген.

Қазақстандық «БТА банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отыр. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ.

Бұған дейін Франция соты Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарып, Франция премьер-министрі Мануэль Вальс тиісті жарлыққа 17 қыркүйекте қол қойған. Бірақ Әблязовтің адвокаттары бұл шешімнің үстінен Франция мемлекеттік кеңесіне шағымданған.

Қазақстан билігі Әблязовті «БТА банктің» алты миллиард доллар ақшасын жымқырды деп айыптайды. Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптардың саяси негізі бар деп санайды.

Әблязовтің отбасы Мәскеу оппозициялық саясаткердің жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауы және істі әділ қарамауы ықтимал деп, Франция билігін экс-банкирді Ресейге бермеуге шақырады.

XS
SM
MD
LG