Accessibility links

«Сыншы таңдауы» сыйлығына номинант фильмдер іріктелді


Қазақстан киносыншылар қауымдастығы мүшелері «Сыншылар таңдауы» сыйлығы номинанттарын талқылап отыр. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан киносыншылар қауымдастығы мүшелері «Сыншылар таңдауы» сыйлығы номинанттарын талқылап отыр. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл.

Қазақстан киносыншылар қауымдастығы жұма күні кешке «Сыншылар таңдауы» сыйлығы номинанттарының тізімін жариялады. 13 номинация бойынша сыйлық жеңімпаздары бір аптадан соң белгілі болмақ.

Биылғы «Сыншылар таңдауы» сыйлығына номинанттар іріктеу 2015 жылы прокатқа шыққан немесе кинофестивальдерге қатысқан қазақстандық 22 кинофильм бойынша жүргізілді. Олардың тек сегізі Қазақстанда прокатқа шыққан. Номинанттар тізіміне 13 фильм енген. Мәселен, үздік фильм (драма) номинациясы бойынша «Жат», «Жол», «Шлагбаум», «Жаңғақ тал» және «Сағынтайдың бірінші әйелі» фильмдері бәсекеге түсіп отыр.

Режиссер Данияр Саламат «Сағынтайдың бірінші әйелі» атты авторлық фильмін Қызылордадағы жалғызбасты көпбалалы ана Шолпан Сайымованың тағдыры туралы Азаттық репортаждарының желісі бойынша түсірген. Былтыр желтоқсанның аяғында жергілікті билік тоғыз баласы бар Шолпанның отбасына мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер берген.

«Сыншылар таңдауы - 2016» жеңімпаздарына Қазақстан киносыншылар қауымдастығы мүсіндер мен дипломдар тапсырылады. Ақшалай жүлде қарастырылмаған. Қазіргі кезде қауымдастыққа жеті адам мүше.

«Сыншылар таңдауы» сыйлығы осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы номинанттар тізіміне енген барлық фильмдер жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен бір апта бұрын Алматыдағы «Арман» кино орталығында көрсетілген еді. Былтыр сыйлыққа үміткер фильмдерді көруге ықылас танытқан көрермен саны аз болуы себепті, биыл ондай көрсетілім болған жоқ.

XS
SM
MD
LG