Accessibility links

Ресей АҚШ-қа Лесиннің өліміне қатысты ресми сұрау жолдады


Ресейдің бұрынғы баспасөз министрі Михаил Лесин.

Ресейдің бұрынғы баспасөз министрі Михаил Лесин.

Ресей бас прокуроры Юрий Чайка осы елдің бұрынғы баспасөз министрі әрі Ресей президентінің кеңесшісі болған Михаил Лесиннің қазасына қатысты АҚШ әділет министрі Лоретта Линчтің атына ресми сауал жолдаған. Бұл туралы жұма күні Чайканың өкілі Саак Карапетян мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ ресми тұлғалары өткен жылы 5 қарашада Вашингтондағы Dupont Circle Hotel қонақ үйде өлі күйінде табылған Лесиннің басында жарақат ізі болғаны туралы хабарлаған. Бұл ақпарат ресейлік экс-министр кісі қолынан қаза тапқан болуы мүмкін деген болжам тудырған.

Азаттыққа наурыздың 10-ы күні түскен Вашингтондағы сот-медициналық сараптау бас басқармасы мәлімдемесінде Лесиннің «мойны, кеудесі мен аяқ-қолындағы жарақаттар» да оның қазасына себеп болуы ықтимал факторлар ретінде аталған.

The New York Times басылымы аты-жөні көрсетілмеген шенеунікке сілтеме жасап, бұл жарақаттарды Лесин қонақ үйдегі бөлмесіне оралғанға дейін болған «ұрыс-керіс» немесе «қақтығыс» салдары деп сипаттаған.

Медициналық сараптама кеңсесі іс әлі бітпегенін айтып, бұдан өзге ешқандай түсініктеме бермеді.

Вашингтон полиция департаменті өкілі Дастин Стернбек The Washington Post газетіне Лесиннің қазасын тергеу ісі белсенді жүргізіліп жатқанын мәлімдеген.

Михаил Лесин 1999-2004 жылдары Ресейдің баспасөз министрі қызметін атқарған. Кейін «Газпром-Медиа» холдингін басқарып, ағылшын тіліндегі Russia Today телеарнасын құруға қатысқан.

XS
SM
MD
LG