Accessibility links

Партиялар Этикалық кодекске қол қоймады


Сайлауалды үгіт-насихат жүргізу ережесі туралы Этикалық кодекске қол қоюға қатысушылар. Астана, 14 наурыз 2016 жыл.
Сайлауалды үгіт-насихат жүргізу ережесі туралы Этикалық кодекске қол қоюға қатысушылар. Астана, 14 наурыз 2016 жыл.

"Азаматтық бастамаларды қолдау" қоғамдық қоры бастамасы бойынша бүгін мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партиялардың Этикалық кодексіне қол қою жоспарланған. Бірақ партиялардың бірде-бірі кодекске қол қойғысы келмеді.

Кодеске қол қоюға шақыртуға өзін оппозиция санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) атынан мәжіліс депутаттығына кандидат Асхат Рақымжанов қана жауап қатты. Бірақ ол ЖСДП "сайлауалды кампаниясын жүргізу мен одан ақпарат таратудың тәртібі туралы Этикалық кодекске қол қоюды орынды деп санамайтынын" айтты.

- Біз бұл құжаттың қажеті бар деп ойламаймыз. Себебі ол көбінесе қолданыстағы сайлау туралы заңды қайталайды. Оның үстіне үгіт-насихат науқанының аяқталуына төрт күн қалғандықтан, біз аталған құжатқа қол қоюдың қажеттілігін көріп тұрған жоқпыз, - деді Асхат Рақымжанов.

Қор өкілі Мейрам Қанапиянов өздері партиялардан Этикалық кодекске 12 ақпаннан бері қол қоюды сұрағанын, бірақ ешкім оған қолдау білдірмегенін айтты.

- "Ауыл" партиясы қол қоюға келіскен. Менде тіпті жазбаша түрде берген келісімі бар. Бірақ соңғы сәтте олар телефон қоңырауына жауап бермей қойды. Қазақстан халықтық коммунистік партиясы қол қоюдан ауызша түрде бас тартты. "Нұр Отан" партиясы сұрауымызға жазбаша жауап беруге уәде еткен, бірақ жауап бермеді. "Бірлік" үндемей қоя салды, - деді Мейрам Қанапиянов.

Оның сөзінше, қор дайындаған Этикалық кодекс сайлауалды саяси күрес жүргізудің ережелері қамтылған "өнегелік құжат" саналады. Онда сайлау кампаниясы қатысатын әр партия басқа партияның құқығы мен еркіндігін құрметтеуі тиіс екені айтылған.

XS
SM
MD
LG