Accessibility links

Яшинді Қадыровқа қатысты сотқа тартуды сұрады


Ресейлік оппозиционер Рамзан Қадыров туралы баяндамасын таныстырып тұр.

Ресейлік оппозиционер Рамзан Қадыров туралы баяндамасын таныстырып тұр.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың баспасөз хатшысы Альви Каримов Ресей бас прокуратурасы мен Тергеу комитетінен ПАРНАС партиясы төрағасының орынбасары Илья Яшиннің үстінен Рамзан Қадыров туралы баяндамасына байланысты қылмыстық іс қозғауды сұрады. Бұл туралы Каримов "Интерфакс" агенттігіне хабарлаған. Оның сөзінше, ол өтінішті баспасөз хатшысы ретінде емес, Шешенстан тұрғыны ретінде берген.

Каримовтың сөзінше, Яшиннің баяндамасында Қадыровқа жала жабу, тіл тигізу және негізсіз айыптау, сонымен қатар ұлтаралық және дін аралық алауыздықты қоздыру белгілері бар. Ол Яшинді "Ресей азаматтарын Шешенстан Ресей қауіпсіздігіне қатер төндіреді және жиһад жариялауы мүмкін деп сендіруге тырысады" дейді. Қадыровтың баспасөз хатшысы Шешенстан басшысы мен федералдық күш құрылымдарының арасында ешқандай жаулық жоғына сенімді екенін және бұл туралы Яшиннің баяндамасында айтылғанның шындыққа сай емес екенін айтқан. Бұған қоса ол Қадыровтың "30 мың адамнан тұратын жеке армиясы" бар деген ұйғарымды да жоққа шығарды.

Каримовтың пікірінше, "баяндама Қадыровқа және бүкіл шешен халқына қарсы ашық арандатушылық, басқыншылық сипатта дайындалған".

23 ақпанда Илья Яшин Мәскеуде Рамзан Қадыров туралы "Ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер" деп аталатын баяндамасын жариялаған. Баяндамада Яшин "коррупция көркейіп, жалған ислам мемлекеті құрылған және Ресейдегі аймақ басшысына ғана бағынатын жалғыз армия бар Шешенстандағы" қазіргі билікке Путин жауапты екенін айтады.

Баяндама ресми түрде жарияланғанға дейін оны Қадыров Twitter-де жариялап жіберген. Қадыров парақшасында "Бір актерден тұратын бұл театрға деген көзқарасымды осы шығарманы тарату арқылы білдірем. Тағы қандай бос сөз болатынын білмейміз, бірақ онда жазылғандарда құр шатпақтан басқа ешнәрсе жоқ" деп жазған. Яшин жауабында Қадыровқа баяндаманы Шешенстанда таратқаны үшін алғыс білдірген.

XS
SM
MD
LG