Accessibility links

ОСК: Сайлауалды дебат "Хабар" телеарнасында өтеді


"Нұр Отан" партиясының үгіт-насихат билбордының жанында кетіп бара жатқан адамдар. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл (Көрнекі сурет).
"Нұр Отан" партиясының үгіт-насихат билбордының жанында кетіп бара жатқан адамдар. Алматы, 11 наурыз 2016 жыл (Көрнекі сурет).

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бүгін мемлекеттік "Хабар" телеарнасында парламент мәжілісі сайлауына қатысатын алты саяси партияның дебатын өткізу туралы қаулы қабылдады. Қаулыда дебат 16 наурызға белгіленіп, оны өткізу тәртібі айқындалған.

Дебатқа қатысу үшін сайлауға қатысатын әр саяси партиядан бір-бір өкіл шақырылады. ОСК дебатқа қатысатындарды "жеке басқа тиісуден, партияның, оның мүшелерінің ар-ұжданын, ар-намысы мен іскерлік беделін әдейі қаралайтын пікірден, басқа партиялар өкілдерін кемсітуден сақтанып, жалпыға ортақ этиканы сақтауға" шақырады.

Бұған қоса "конституциялық құрылымды күшпен өзгертуді, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, таптық және рулық араздықты, қаталдық культі мен зорлық-зомбылықты насихаттап, заңнан тыс әскерилендірілген құрылымдар құруға" үгіттеуге тыйым салынған.

20 наурызда өтетін парламент мәжілісінің ерте сайлауына президенттің "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол", "Ауыл", "Бірлік", Қазақстан халықтық коммунистік партиясы мен өзін оппозиция санайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) қатысады. Партиялық тізім бойынша мәжіліс депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихаты 18 наурызда аяқталады.

XS
SM
MD
LG