Accessibility links

Грекиядан Македонияға жүздеген мигрант заңсыз өтті


Мигранттар Грекия мен Македония шекарасындағы өзенді кесіп өтіп жатыр. 14 наурыз 2016 жыл.
Мигранттар Грекия мен Македония шекарасындағы өзенді кесіп өтіп жатыр. 14 наурыз 2016 жыл.

Македония Грекиямен шекараны заңсыз кесіп өткен жүздеген мигрантты ұстады. Мыңға тарта адам 14 наурыз күні Грекиядағы лық толған босқындар лагерін тастап шығып, шекаралас өзенге барған. Жүздеген адам шекарадағы тікенек сым темірлі қоршаудан өткенімен, оларды әскерилер тоқтатты.

Македония ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Грекиядан 700-ден астам мигрант заңсыз келген. Министрлік армия мен полиция оларды Грекияға қайтару шараларын жасап жатқанын айтады. France Press агенттігі мигранттардың жанында хабар таратып жүрген 20 шақты журналист полиция бөліміне апарылғанын хабарлады.

Грекиядағы Идомени елді мекеніндегі босқындарға арналған лагерде 14 мыңға тарта адам тұрады. Өткен аптада Македония енді Еуропаға өтетін мигранттарды елге кіргізбейтінін мәлімдеген. Осылайша Грекия мен Түркиядан Еуропаның ауқатты елдеріне барғысы келетін мигранттар үшін "Балқан маршруты" жабылған.

XS
SM
MD
LG