Accessibility links

Түлектер ҰБТ-ны қайта тапсыра алады


ҰБТ тапсырушы түлектер (Көрнекі сурет).
ҰБТ тапсырушы түлектер (Көрнекі сурет).

Қазақстандық мектеп бітіруші түлектер биылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) екінші рет ақылы түрде тапсыра алады деп хабарлады бүгін білім және ғылым министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, парламент сенаты білім туралы заңға мектеп бітірушілердің екінші мәрте ҰБТ тапсыруына мүмкіндік беретін өзгеріс енгізіп, оны үкімет пен білім және ғылым министрлігі қолдаған.

Заңға енгізілетін түзету бойынша ҰБТ-ны тапсыру ережесінде биыл өзгеріс болмайды. Алғашқы ҰБТ сынағының қорытындысы бойынша гранттар мен "Алтын белгі" иегерлері анықталады. ҰБТ-ны екінші мәрте алғашқы сынақта ақылы түрде оқуға түсуге қажетті балл жинай алмағандар тапсырады.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын ҰБТ тапсырмаған түлектер саны артып барады. Ресми мәлімет бойынша, 2015 жылы ҰБТ тапсырмағандар 46 мың адамды құраған. Министрлік ҰБТ-дан жеткілікті балл жинай алмаған түлектер көршілес Қытай мен Ресейге және басқа да елдерге ақылы түрде оқуға түсетінін айтады.

Қазақстанда ҰБТ жыл сайын маусымның басында өтеді. Түлектер бес пәннен (әрқайсысы бойынша 25 сұрақ) 125 сұраққа жауап береді. ҰБТ-дағы ең жоғарғы балл - 125, ең төменгі балл - 50-ді құрайды. Былтыр ҰБТ тапсырғандардың 18,2 пайызы, яғни 12 мың 874 түлек ең төменгі көрсеткіш – 50 балды жинай алмаған.

XS
SM
MD
LG