Accessibility links

Шымкентте жолақы қымбаттайды


Шымкенттегі оқушыларды тасымалдайтын автобус (Көрнекі сурет).

Шымкенттегі оқушыларды тасымалдайтын автобус (Көрнекі сурет).

2016 жылдың 1 мамырынан бастап Шымкенттегі қоғамдық көліктердің жол ақысы 50 теңгеден 70 теңгеге қымбаттайды. Бұл туралы бүгін Азаттыққа Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев хабарлады.

Сүгірәлиевтің айтуынша, жолақыны қымбаттату туралы өтінішті тасымалдаушылар білдірген. Бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, қоғамдық кеңес пен сарапшылар кеңесінің қарауынан өткеннен соң бүгін қалалық мәслихат депутаттары келісімін беріп, мақұлдаған.

- Жолақы құны 2016 жылдың 1 мамырынан бастап көтеріледі. 4-категориядағы адамдар тасымалданушылардың есебінен тасымалданады. Студенттердің жолақы құны ескі тарифпен, яғни 50 теңге болып қалады. Ал 15 жасқа дейінгі оқушылар елу пайыздық жеңілдікпен, яғни 35 теңге көлемінде жолақы төлейді, - дейді сектор меңгерушісі.

Наурыз Сүгірәлиевтің пікірінше, жолақы құнының көтерілуіне қосалқы бөлшектердің қымбаттауы, қаладағы кейбір тиімсіз автобус бағыттарының алынуы және қозғалыс жүйесінің қызмет сапасын көтеруі себеп болған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG