Accessibility links

Экологиялық белсенділер Байбекке "сыйлық" дайындады


"Көкжайлауды қорғайық!" экологиялық қозғалысының белсенділері Алматы әкімі Бауыржан Байбекке әкелген "сыйлығын" көрсетіп тұр. Алматы, 18 наурыз 2016 жыл.

"Көкжайлауды қорғайық!" экологиялық қозғалысының белсенділері Алматы әкімі Бауыржан Байбекке әкелген "сыйлығын" көрсетіп тұр. Алматы, 18 наурыз 2016 жыл.

"Көкжайлауды қорғайық!" экологиялық қозғалысының белсенділері бүгін Алматы қалалық әкімдігінің алдында флешмоб өткізіп, журналистерге қала әкімі Бауыржан Байбекке дайындаған "сыйлығы" - тәтті нан мен қамшысын көрсетті.

Белсенділердің айтуынша, "сыйлық" Қазақстан президентінің Алматы әкіміне білдірген бата-тілегіне орай таңдалған. Ақпанда Алматыға келгенінде президент Нұрсұлтан Назарбаев Байбекке қалаға "өз үйіндей қарап, қамқор болу керегін" айтқан. Назарбаев мұны президенттің қаланың жоғарғы жақтарында биік ғимараттар салуға енгізілген тыйымның орындалмай отырғанына және Медеу мұз айдыны мен Шымбұлақ тау шаңғысы шипажайы айналасында көліктің көптігіне көңілі толмаған соң айтқан.

Бірақ белсенділер әкімге "сыйлық" тапсыруды келесі күнге қалдырды. Олардың айтуынша, әкім орынбасарларының бірі Наурыз мейрамынан соң белсенділермен кездесуге уәде берген. Белсенділер ол кездесуде тәтті нан мен қамшыны орынбасары арқылы Байбекке беруді жоспарлап отыр.

Белсенділер қала іргесіндегі Көкжайлау шатқалына ерекше қорғаудағы табиғи аймақ мәртебесін қайтаруды және оны Іле Алатауы табиғи ұлттық паркі құрамына алуды талап етеді. Белсенділер бұған қоса Алматыдағы Баум тоғайы мен Ботаникалық бақ сияқты табиғи орындар ерекше қорғаудағы табиғи аймақ мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін деп қауіптенеді.

XS
SM
MD
LG