Accessibility links

Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы басталды


Алматыдағы 350-сайлау учаскесiнде алғаш рет дауыс берiп жатқан жас сайлаушы. 20 наурыз 2016 жыл.

Алматыдағы 350-сайлау учаскесiнде алғаш рет дауыс берiп жатқан жас сайлаушы. 20 наурыз 2016 жыл.

Жексенбі, 20 наурыз күні Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауында дауыс беріп жатыр.

Дауыс беру сайлау учаскелерінде жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 7:00-де басталды. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, жалпы саны 9840 сайлау учаскесінде сайлауға дауыс беру бүгін жергілікті уақытпен сағат 20.00-ге дейін жалғасады.

Парламент мәжілісінің кезектен тыс сайлауына алты партия қатысып отыр. Заң бойынша, мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і - партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады. Бұл сайлауға президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы - 127 кандидат, «Ақ жол» - 35, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 23, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы - 22, «Ауыл» - 19, «Бірлік» 8 кандидат ұсынған.

Қазақстан бойынша бұл жолғы сайлауда жергілікті мәслихаттарға 3335 депутат сайлануы тиіс. Мәслихат депутаты мандатына ие болуға ел көлемінде 10 825 кандидат тіркелген.

Осы жолғы сайлау барысын бақылауға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 800-ден аса өкіл тіркелген.

Мәжілістің кезектен тыс және жергілікті мәслихаттардың кезекті сайлауына дауыс беру барысынан Азаттық тілшілері әзірлеген онлайн-репортажбен сайтымыздан және әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздан таныса аласыздар.

XS
SM
MD
LG