Accessibility links

ОСК: 3 партия жеті пайыздық межеден өтті


Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан парламентіне сайлануға қажетті жеті пайыздық межені билікшіл үш саяси ұйым еңсергені туралы мәлімдеді.

Парламент сайлауының алдын ала ресми қорытындысына сәйкес, заң бойынша парламентке сайлануға мүмкіндік беретін жеті пайыздық межеден «Нұр Отан» (82,15 %), «Ақ жол» (7,18 %) және Қазақстан коммунистік-халықтық партиялары (7,14 %) өткен.

Ал сайлауға қатысқан өзге үш партия - «Бірлік» 0,29 %, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 1,18 % және «Ауыл» партиясы – 2 % дауыс алғаны хабарланды.

Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиялары хаттамалары негізінде парламент мәжілісі депутаттарын сайлаудың түпкілікті қорытындысы 26 наурыздан кешіктірілмей белгіленетінін хабарлады.

Парламент мәжілісінің кезектен тыс сайлауына алты партия қатысқан. Заң бойынша, мәжілістегі 107 депутаттық орынның 98-і - партиялық тізім бойынша, тоғызы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланады. Қазақстан халқы ассамблеясы парламентке сайланатын өз депутаттарын бүгін анықтайды.

XS
SM
MD
LG