Accessibility links

АҚШ президентінің Кубаға ресми сапары басталды


АҚШ президенті Барак Обама Гавана кафедралдық соборы алдында жұртшылықпен кездесіп тұр. Куба, 20 наурыз 2016 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Гавана кафедралдық соборы алдында жұртшылықпен кездесіп тұр. Куба, 20 наурыз 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама жексенбі күні Кубаға екі күндік ресми сапармен барды. Гаванада жауын болғанына қарамастан Обама жұбайы және қыздарымен бірге қала орталығындағы тарихи жерлермен танысты деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Бұдан соң Барак Обама Гавана кафедралдық соборында Куба архиепископы Хайме Ортегамен кездескен.

Ақ үйдің хабарлауынша, сапар барысында Обаманың Куба жетекшісі Рауль Кастромен және осы елдегі бірқатар саяси диссиденттермен кездесуі жоспарланған. 20 наурыз күні, АҚШ басшысы келерден бірнеше сағат бұрын Гаванада қазіргі биліктің саясатына наразы ондаған адамның шеруін полиция күшпен таратып, кейбіреулерін ұстап әкеткені туралы ақпарат тарады.

Бұған дейін Кубаға АҚШ президенті сапармен 1928 жылы барған. Ал 1959 жылы Кубада революция нәтижесінде билік ауысқан соң АҚШ-пен байланыс үзіліп қалған. Сол кезде АҚШ тарапынан Кубаға қарсы енгізілген кейбір қатаң шаралар, соның ішінде экономикалық эмбарго әлі күшінде қалып отыр.

Вашингтон бұдан бір жарым жыл бұрын АҚШ-тың Кубаға қатысты саясатын өзгертіп, ресми Гаванамен дипломатиялық қарым-қатынасын қалпына келтірген.

XS
SM
MD
LG