Accessibility links

ЕҚЫҰ: Сайлауда кемшіліктер болды


ЕҚЫҰ бақылаушылары баспасөз жиынында отыр. Астана, 21 наурыз 2016 жыл.

ЕҚЫҰ бақылаушылары баспасөз жиынында отыр. Астана, 21 наурыз 2016 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқығын бақылау бюросының (ДИАҚБ) Қазақстандағы кезектен тыс парламент сайлауын бақылау жөніндегі миссиясы бұл елді жиын еркіндігін шектеуді тыйып, ашық пікір білдіру құқығын қамтамасыз етуге шақырды.

ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы делегациясының басшысы Гир Йорген Беккервольд бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында кешегі мәжіліс және мәслихаттар сайлауы кезінде болған кей оқиғаларға алаңдаушылық білдірді. "Бюллетеньдерді топтап салуды және сайлау күні тізімге көптеген адамдарды қосқан оқиғаларды байқадық" дейді ол.

ЕҚЫҰ өкілі Жорди Шукла дауыс санау кезінде де кейбір заң бұзушылықтар болғанын айтты.

Ұйымның арнайы үйлестірушісі Мариетта Тидеи елдегі билеуші партияның үкіметте өкілдерінің көптігін сөз етті. "Кешегі сайлау тиімді ұйымдастырылған, прогресс бар, бірақ Қазақстан ЕҚЫҰ аясында демократиялық сайлаулар өткізу туралы халықаралық міндеттемелерін орындау үшін әлі көп іс атқаруы керек" деді ол.

Орталық сайлау комиссиясы алдын-ала деректерге сүйене отырып, Қазақстан сайлау заңы бойынша парламентке сайлануға мүмкіндік беретін жеті пайыздық межеден билікшіл үш саяси ұйым – «Нұр Отан» (82,15 %), «Ақ жол» (7,18 %) және Қазақстан коммунистік-халықтық партиялары (7,14 %) өткенін мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG