Accessibility links

Барак Обама: Кубаның болашағын оның халқы айқындайды


АҚШ президенті Барак Обама Гаванадағы Революция алаңында тұр. 21 наурыз 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Гаванадағы Революция алаңында тұр. 21 наурыз 2016 жыл.

Адам құқықтарын сақтау және демократия мәселелеріне байланысты пікір қайшылығына қарамастан АҚШ пен Куба өзара ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Бұл туралы АҚШ президенті Барак Обама мен Куба басшысы Рауль Кастро Гаванада өзара өткізген келіссөздерден кейін баспасөз мәслихатында мәлімдеген.

Барак Обама өз сөзінде екі ел арасындағы қатынастан «бір түнде өзгере қалмайтынын» айтқан. Әйткенмен АҚШ Кубамен іскерлік байланыстарын дамытуға ниетті деп мәлімдеген ол. Мысалы, биыл америкалық әуе компаниялары Кубаға тікелей рейстерін іске қоспақшы.

«Кубаның болашағын кубалықтардың өздері айқындауы тиіс» деп мәлімдеді АҚШ президенті. Сонымен бірге, Ақ үй басшысы адам құқықтары, мәселен, сөз бостандығы мен жиын өткізу еркіндігі «жалпыға ортақ құндылықтарға» жататынын атап көрсеткен. Бұған дейін батыс ақпарат құралдары АҚШ президентінің Кубаға сапары алдында Кубада билік саясатына наразылық білдіріп көшеге шыққан ондаған адамның ұсталғаны туралы хабарлаған.

Рауль Кастро да өз сөзінде екі ел арасындағы сауда байланыстарын кеңейтуге үндеген. Ол АҚШ Конгресін бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Кубаға қарсы енгізілген сауда эмбаргосын жоюға, сонымен бірге АҚШ әскери-базасы орналасқан Гуантанамо аралын Кубаға қайтарып беруге шақырған.

Барак Обаманың Кубаға екі күндік ресми сапары – «тарихи оқиға» деп айтылып жатыр. Бұған дейін Кубаға АҚШ президенті сапармен 1928 жылы барған. Ал 1959 жылы Кубада революция нәтижесінде коммунистік билік орнаған соң АҚШ-пен байланыс үзіліп қалған. Сол кезде АҚШ тарапынан Кубаға қарсы салынған кейбір қатаң шаралар, соның ішінде экономикалық эмбарго әлі күшінде қалып отыр.

XS
SM
MD
LG