Accessibility links

Түрмедегі "Хизб ут-Тахрир" өкілінің әйелі азаптау туралы айтты


Сотталған Рафис Галиулиннің әйелі Наталья Войтенкова.
Сотталған Рафис Галиулиннің әйелі Наталья Войтенкова.

Қамаудағы "Хизб ут-Тахрир" діни ұйымының мүшесі Рафис Галиулиннің әйелі Наталья Войтенкова бүгін Азаттыққа Павлодардағы АП-162/2 емдеу колониясында жатқан күйеуін азаптап жатыр деп хабарлады.

Ол шағымын Қазақстан президенті әкімшілігіне, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі, қылмыстық атқару жүйесі комитетіне, мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігіне жеткізуге тырысады.

2010 жылы Қазақстанда тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" діни ұйымы қызметіне қатысты деген айыппен жеті жылға сотталған Рафис Галиулин бір жарым ай бұрын Қарағанды облысының Жезқазған қаласындағы колониядан Павлодардағы емдеу түрмесіне ауыстырылған. Войтенкованың айтуына қарағанда, соңғы екі жылда күйеуіне ең нашар тәртіп деңгейі - түрме режимін қасақана бұзушы деген баға беріп, оны қатаң жағдайда ұстау мерзімін ұзартқан. Бұл жағдайда Галиулинге телефонмен сөйлесуге және ұзақ уақыттық кездесуге тыйым салынады.

Войтенкова күйеуі мен басқа да тұтқындарға жеңдеріне шүберек байлап алған - тұтқындардың тәртібін бақылауға әдейі қойылған екі тұтқын - түрме белсенділері "күн көрсетпейтінін" айтады. Оның сөзінше, күйеуіне таңертең дәретханаға кіруіне, түрме тамағын ішуіне, жатып дем алуына кедергі жасап, мәжбүрлеп марш жасатып қоятынын айтады.

Азаттық тілшісі сөйлескен АП-162/2 түрмесінің қызметкері "емдеу түрмесіне жатқызылған тұтқындар түрме әкімшілігіне немесе басқа жерлерге өздерін азаптағаны немесе дұрыс қарамағаны туралы шағымданбағандарын айтты.

Астана тұрғыны, 45 жастағы Рафис Галиулиннің түрмеде отыру мерзімі биыл қазанда аяқталады. Әйелі оны денсаулығына байланысты кесімді мерзімге дейін өмір сүре алмауы мүмкін немесе оған діни сенімінен бас тарту қысымына көнбегені үшін жазасын ұзартуы ықтимал деп қауіптенеді. Билік бұған дейін Войтенкованың күйеуін азаптауға қатысты бұрын берген шағымдары расталмағанын хабарлаған.

Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі азаптаумен күрескісі келмейді дейді. Олардың пікірінше, тұтқындардың азапталғанын тексертіп, кінәлілерді жазалату өте қиын.

XS
SM
MD
LG