Accessibility links

Қазақстанда Fokker-100-дің тексерусіз ұшуына тыйым салды


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қазақстанның инвестиция және даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті Bek Air компаниясының пайдалануындағы Fokker-100 ұшақтарының техникалық актісіз ұшуына тыйым салды.

Комитеттің ресми сайтында жарияланған ақпаратта компанияның инженерлік-авиациялық қызметі басшылығына аталған ұшақтардың алдыңғы және негізгі шассилерінің (дөңгелектер) агрегаттары мен тораптарын және шассилерді ашу мен тазалау жүйелерін бір реттік тексеруді тапсырғаны айтылады. Тексеруден өткені туралы акт комитетке және "Қазаэронавигация" әуе қозғалысын жоспарлау орталығына тапсырылуы тиіс. Комитет "Қазвэронавигация" орталығына аталған тексеруден өтпеген Fokker-100 ұшақтарының ұшуына рұқсат етпеуді тапсырған.

27 наурыз күні Bek Air әуе компаниясының 2041-рейсімен Қызылорда-Астана бағытымен ұшып келген Fokker-100 ұшағы Астана әуежайына апатты жағдайда қонған. Қазақстан бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, апатты жағдайға ұшақтың алдыңғы шассиінің ашылмауы себеп болған. Ұшақта 116 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Зардап шеккендер жоқ.

Прокуратура бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 344-бабы ("Темiржол, әуе, теңіз, өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу") бойынша іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Қазақстанда Fokker-100 ұшақтары тек Bek Air компаниясында ғана бар. Компанияда сегіз Fokker-100 бар.

XS
SM
MD
LG