Accessibility links

Астанада BI Group мердігерлері наразылық танытты


Астанада бүгін түске дейін Хусейн бен Талал көшесі мен Орынбор көшесінің қиылысына BI Group компаниясына жалға арнайы техника беретін жеке бір топ кәсіпкер жиналып, наразылық танытты.

Жиналғандар Азаттық тілшісіне өздерінің BI Group компаниясына арнайы техникаларын жалға беретінін, компания техникаларының жалақысын 40 пайызға қысқартқанын айтты. Оқиға орнында полиция мен арнайы жасақ қызметкерлері болды. Полиция жиналғандардың аты-жөндерін жазып алды.

- Мен жеке кәсіпкермін. Транспорттық қызмет көрсетемін. Жүк көлігім бар. Бұған дейін көліктің бір сағаттық жұмысына 3500 теңге төлеп келген. Қазір 1786 теңгеге қысқартып тастады. Жұмысым ақталмай отыр. Жиналыста дағдарысқа байланысты қысқартамыз деген, - дейді Аслан Смағұлов есімді жеке кәсіпкер.

Жеке кәсіпкер Евгений Шмаров үш күн бұрын «ақы көтерілмесе жұмысын тоқтататынын» ескертіп, компанияға хат жазғанын айтады.

- «Арман қала» тұрғын үй кешенінің құрылысынан 3 техникамның, ЕХПО құрылысындағы 3 техникамның және бүгін кранымның жұмысын тоқтаттым. Жұмыс істегім келеді, бірақ мынадай бағамен жұмыс істеу мүмкін емес, ақтамайды, – дейді Евгений Шмаров.

Түске таман өзін BI group компаниясынанмын деп қана таныстырған адам келіп BI Group кеңсесінде түскі сағат 14:00-де осы мәселеге қатысты жиналыс болатынын айтып, кәсіпкерлерді сол жерге шақырды.

Facebook желісінде BI Group компаниясының баспасөз хатшысы Айнұр Әшімова «құрылыстың тоқтамағанын» айтып ресми жауап берді. «Біз транспорттық қызмет көрсететін бірнеше мердігерден ескертпе хат алдық. Бұл - біз жалға алатын техникалардың иелері. Олар келісім-шартты бұза отырып, жұмысшыларының жұмысқа шығуына тыйым салып отыр» делінген ресми ақпаратта. Баспасөз хатшысының уәжіне қарағанда, дау техника иелерінің көліктерге нақты жасалған жұмыс уақытын есептейтін GPS құрылғысын орнатқысы келмеуінен туындап отыр.

BI Group компаниясы EXPO-2017 көрмесінің кейбір ғимаратын және көрме кешеніне қатарлас Хусейн бен Талал көшесіндегі тұрғын үйлерді салып жатыр.

XS
SM
MD
LG